Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  178


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАНША БАЙ ЖІГІТ БОЛСАҢ ДА...


Шіріген байсың бүгінде,
Оныңа жоқ-ау таласым.
Өлерсің сен де түбінде
Ел-жұрттың ашып арасын.
Өлемін мен де...
тірімде
Дүниенің емдеп жарасын.
Сойса егер қан да шықпайтын
Атасы сенсің сараңның.
Түкірігін қайта жұтпайтын
Қасиеті қайда анаңның?
Жан бар ма арсыз тірлікте
Байлығын кеткен арқалап.
Жұмылған саусақ – бірлікте
Шырқаған түгел шартарап.
Жарға өскен жалғыз Дарақты
Көрінген шабар жаңқалап.
Есіріп мәз боп күлесің,
Жүргенде жұртты жоқ қинап.
Өтерін сен де білесің
Осырақ қоңыз боқ жинап.
 Сөйлеген жандай аңдамай,
Күлесің жалған – күлсең де.
Кімдерді жүрсің алдамай
Кісілік бар ма бір сенде.
Марқасқалық саған жазбаған
“Мерседес” мініп жүрсең де.
Жарығын текке малданып,
Жұлдыздар қанша түнде өшкен.
Өзі де өткен алданып,
Жұртты алдап аяр күн кешкен.
Тірлікте асып толсаң да,
Сом бітеу жара мекенсің.
Қанша бай жігіт болсаң да,
Кісілікке кедей екенсің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу