file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  192


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕН СЕКІЛДІ БИТТЕР...

Уәдеңде оу, мырза, тұрмағаның –
Кісілікке бір мойын бұрмағаның.
Сертті уәде болса егер құдай үйі,
Құдайдың да енесін ұрмағаның.
Қамсау көңіл жұртты алдап күн кешкенше,
Бақыт еді анаңнан тумағаның.
Бай болғанның бәрі де Қарабайдай,
Жүзі қара бола ма қара майдай.
Қайда бар ма оу, мырза, қайда жүрме,
Бір қасірет жүзіңнен тарағандай.
Сендейлерге жол беріп,
Билік беріп,
Азамат ер қайда жүр санасы айдай?!
Нұр жаумайтын заманда талаптыға,
Жалған дүние жалған ғып жаратты ма?
 Жүз мыңдаған қарызды мойныма артып,
Жаптырғалы жүрмісің абақтыға?
Абақтыға жүрмісің жаптырғалы,
Қасқыр төбет иттерге қаптырғалы?
Азамат ер атанған
Жігіттердің
Уәдесін ұмытпай тақ тұрғаны.
Сенсе өзіңдей жылмағай жігіттерге,
Неге қатер төнбесін білікті ерге?
Түрме болып алдымнан сен ашылсаң,
Азар болса жатармын кіріп көрге.
Туған елден артық па шыбын жаным,
Сен секілді жем болған сүліктерге.
Қағынғанда замана қайта ұшынып,
Ақ періште – арманды айға ұшырып, –
Жыр ұсынып мен жүрсем туған елге
Жүрген жоқ па сендейлер қайғы ұсынып.
Сені көрсе құлайды үй тігілген,
Кісі түгіл өзіңнен бит түңілген.
Елдің азып, тозғаны
Білсең, мырза,
Сен секілді сұмдардың иттігінен.
Самала етіп жақсам да санамды алға,
Көп қиындық көрермін, амал бар ма?
– Сен кімсің? – деп жүрмісің, –
саңғығанда
Алатаудың басына жаман қарға.
Қарттары ұқпай жырыңды, жастары ұқпай
Кісілік те безініп қашқан құттай.
 Қасиетпен,
намыстан жұрдай елде
Сендей биттер, қайтеді, басқа шықпай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу