file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  296


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАУЫРЫМНЫҢ ТАМЫРЫ

Жүрегімнің тынысын тыңдап алып,
Өзімді өзім көп жүрем мұңға малып.
Ақ пышаққа бес дүркін ілінгесін,
Су ағады көзімнен жылғаланып.
Құлдық ұрып қолыңа құран алып,
Кімнен көмек сұрайсың тұра қалып.
Өмірімді өксітіп келеді әлі,
Омырауыма көз жасым жылап ағып.
Мылтық кезеп ақ қанат ар құсына,
Мүмкін қалған шығармын қарғысына.
Қос көзіме қос-қостан сырқат жамап,
Қарсы айдаған ажалдың шалғысына.
Басқа төнген қатердің түрін көріп,
Құтылсам да көзімнің нұрын беріп,
Уақыттың жабысты үш кеселі,
Көктөбеге шыққанда күнім желіп.
Қараса да дәрігер қабағыңа,
Сүйенеді ақ пышақ – жарағына.
Сылығандай енекті тастады алып,
Байланғанда нән түйнек тамағыма.
Қайта-қайта жылтырап жұлдыз ағып,
Көздерім де қанталап тұр қызарып.
Сары суға толғанда көкірегім,
Өкпемді өктем үсіткен мұзы қарып.
 Сырқатқа ара түсе ме сорлы жалған,
Көңілімде жібімей тоңы қалған.
Арқамды ойып, ішіне түтік салып,
Сары суын өкпемнің сорып алған...
Жайғастым ба ажалға жақын барып,
Мені қыса бастаған тақымға алып.
Істен шығып,
Тұншығып суда қалған,
Бауырымның тамыры зақымданып.
Тірі жүрсем көрермін күнімді елде,
Түгенделе қоймаспын түңілгенде.
Жазылатын шығармын жаман дерттен,
Бауырымның тамыры тірілгенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу