file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  208


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҒАҒА ХАТ

І
Жүрсін мейлі Алматы – тас қалада,
Өнер қуған кілең жас жасқана ма?
Төңіректей бастадық өзіңді, аға,
Бір шоғыр топ табысқан астанада.
Құмбыл үнің жүргесін күнде естіліп,
Мен де барғам...
Қалғанда күн кешкіріп, –
 – Сен өзімсің, – деп аға жөнеп бердің,
Өзге жаның бәрін де мінгестіріп.
Жүрген кез-ді тағдырым қиын келіп,
Алып соғып үйіріп құйын болып.
Өттің талай тұсымнан көз де салмай
Жұртта қалар қоқыс бір бұйым көріп.
– Алатауда дара өскен шынар көп те,
Жұлдызым деп жарқырап тұрар көкте.
Келгеніңде бастық боп шын қуандым,
Енді маған көңілін бұрар деп те.
Бұру қайда?
Бұруға шамаң бар ма?
Ойлап көрсең жүгініп шамалы арға.
Босағаға ысырдың келген бойда,
Төрде сенің нең бар деп жаман қарға.
Жаным күйіп,
Солықтап мен жыладым,
Не жаздым деп жаны игі адамдарға.
Мұңын шақса жүрегім – жырым налып,
Жадырайсың айызың,
қыбың қанып.
Мүйізделген текедей тоқал ешкіні
Күнің бар ма жүрмеген қырыңа алып.
Кейде тазы секілді елестейсің
Ауызымен үйренген шыбын қағып.
Жақынырақ оу, аға, келші бермен,
Туыс боп та жаныма енші бөлген.
Қасымдағы біреулер “тырқ” етсе де,
Сөгіс бердің сенсің деп жел жіберген.
 Қызық көріп жүрсек те бір дүрмекте,
Сөгіс бердің мезгілсіз күлдің деп те.
Сөгіс бердің қасымды досқа санап,
Ертелі-кеш сырласып жүрдің деп те.
Шыбын жаным білмеді не істерін,
Босағаға айналып тегіс төрім.
Содан, міне, жүрегім шұрқ тесік
Көктеп өткен көк сүңгі сөгістерің.
Ата аруақ, әйтеуір, қолдады ма,
Аман-есен келемін жолда мына.
Шуағыңа шомылған нұрлы шағым,
Есімде жоқ:
болды ма, болмады ма?
Тек есімде сөгісті шұбыртқаның,
Соны ойласам кетеді суып қаным.
Кәрі ауызы –
ол анық –
сенсің, аға,
Сары ауызы –
мен болсам жұмыртқаның.
ІІ
Ақ алмаспын –
Сенбесең серме мені,
Арғымақпын –
Сал, кәне, өрге мені.
Кеткеніңді айтпасам болар емес,
Талай жерде қаратып жерге мені.
Айып па, аға, жас қайық жағаласа,
Еркін жүзген айдында өр кемені.
 Шошынғанда сұсыңнан көл дір етіп,
Анаң қайта туды ма елжіретіп.
Жығып едің туымды талай жерде,
Тігем дейсің қайтадан желбіретіп.
Жырмен емдеп,
Сырқатты сауықтырған,
Кісің мен бе, жан аға, қауіп қылған.
Микро-жантық қаптаған бұл заманда,
Аға, бізді кім сонша жауықтырған?
Бұлтсыз күнгі найзағай сен емес пе ең,
Ашық күнде нөсер боп жауып тұрған.
Жүрегімнің дүрсілін ұқпадың ба,
Сайран салып қырқада, сауық құрған.
Тұрмасын деп көрініп шыңы ағарып,
Өмірімнің бәріне сына қағып.
Жарықшақтап,
Студент кезімнен-ақ
Түстің неге соңыма шырақ алып?
Ырзық таппай кең дала – қу табадан,
Жанарынан әлемге мұң тараған.
Мұқағалиды кезінде күн көрсетпей
Жанның бірі сен едің қудалаған.
Кеудесінен суырып шынар жанын,
Әлі есімде жұмыстан шығарғаның...
Жағасында көк тоғай жайқалмаған
Керегі не
қуарған қу арнаның?
Неге тура қарамай көзіне ердің,
Шылбырыңды ширатып несіне өрдің?
 Мен дегенде қатайып Қарабайдай
Бір Жантықтың иланып, сөзіне ердің.
Қағындырып, қайтейін, ұшындырып,
Жүрген жоқ па онсыз да мысым құрып.
Өзімді, аға, өзіңе шыр-шыр етіп,
Ғұмыр бойы келемін түсіндіріп.
Өзің жеке жүргесін сарайға еніп,
Үміт те, аға, артпадым арай көріп.
Содан бері қанша жыл өтті арада,
Қапталдасқан ақ қырау самайға өріп.
Мені әуелі келмеді түсінгің де,
Жан дедің бе жүрген бір талайға еріп.
Сөйтіп, аға, жүргенде
Аңғармаппын
Қалғанымды елуге қалай келіп.
ІІІ
Тамыр жайған тал-дарақ көк далада,
Көп қадама сұғыңды жоқ қадаға.
Сіз бір жаққа жұлмалап, мен бір жаққа...
Жүргендейміз тартқылап көкпар, аға!
Дал-дұл етіп бұлқынтып шымыр етті,
Жиырма бес жыл
Сонымен ғұмыр өтті.
Інге тығу арқылы арлы інісін
Аға деген бола ма құдіретті.
Суық сәуле ызғардан жаратылған
Жебе боп та көзіңнен сан атылған.
Жиырма бес жыл!
Білгенге аз жыл емес,
 Қыран – ғұмыр ол
Дауыл туған қанатынан.
Кеңістігі тарылса тұмшаланып,
Алға шыға қояды кім жаланып.
Қыран – ғұмыр булығып өтті солай
Жалт-жұлт еткен көзіне мұң жамалып.
Жиырма бес жыл –
Кете алмай бұзып, жарып,
Күлге айналдым отқа да түсіп жанып.
Жиырма бес жыл –
Қайранмын келгеніме
Жүрегімді көк мұздақ үсік шалып.
Бекер босқа алдандым баста сеніп,
Желкілдер ме ем әйтпесе басқаша өніп.
Егін ек деп өзіңнің берген жерің
Асфальтталып үлгерген, тас төселіп.
Құтылмақ боп ажалдың шарығынан,
Су да іштім
сол жердің арығынан.
Бой көтерген өсімдік сияқтымын
Асфальтталған өңірдің жарығынан.
IV
Дүниеге келіп ең құмды ауылда,
Бір мін жоқ-тын өзіңді шыңдауыңда.
Жалғыз қапсың бұл күні
Қайда кеткен
Қолтығыңа кіргендер күн жауында.
 Таудан атқан арайлы таңдай көріп,
Жүрген жандар қасыңнан қалмай да еріп, –
Күн жауғанда жоғалған көлеңкедей
Қайда безген
қай тұсқа маңдай беріп?!
Солай сені ит тірлік құмға аунатқан,
Көз жаздың ба қызықтан думандатқан.
“Тағың” барда көк теңіз сен едің-ау,
Арыстан жал толқын боп тулап жатқан.
Қызық кешіп күнімен,
Түнімен де,
Інімен де жүріп ең, ірімен де.
Айналаңды тып-типыл өрт шалғандай,
Менен өзге қалмапты тірі пенде.
Тас беттеніп, қайтемін,
Мұз беттеніп,
Көз алдымда өткен күн тізбектеліп, –
Кете алмаған жандай боп жүрмін енді
Жұртта қалған туысын іздеп келіп.
Жасыма, аға!
Сені әлі түлетемін,
Тезге салып түзетіп,
Жыр етемін.
Бір ғұмырдың шынымен кеткені ме,
Танып, білуге кімнің кім екенін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Рйзванаи
Рйзванаи 16.05.2022 22:21
Анашым Ана сені мені әлпештеп отырып бақтыныз Мені жақсы көрдіңіз оныда түсінем маған ұрыстыңыз мен сонда сізді тыңдап жүрдім міне мен 6сынып оқып жүрмін сізге көп рақмет! Мені қиналмасын деп жүргеніңізге (Сөз 50—60)

Пікір жазу