Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  170


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҒА АРУАҒЫ АЛДЫНДА

Аға, сенің қазаңды есітпедім,
Кешірерсің ініңнің кешіккенін.
Кеш қалдым ба
Жүргенде дүниенің
Жамап-жасқап жыртығын, тесіктерін.
Кемедейін дауылда күйремеген
Асыл ер ең жүрегін күй бөлеген.
Жерлестерім жиылып келген шығар
Құзғындайын өлікке үймелеген.
Жоқтық байлап қолдарын шын қысылған
Туған елге ақын ем жыр ұсынған.
Жерлестердің ішінен хабар айтар
Табылмаса, қайтемін, бір мұсылман.
Қалмаған ба қасиет көпте тіптен,
Кетті азынап көңілім көктем күткен.
Өжет мінез ақын ем, амал қанша,
Қарағайдай қасқайып өрге біткен.
Шатқалында,
Тірліктің соқпағында,
Шау тартсам да,
 Бар әлі от қанымда.
Темір шеңгел тартса да етегімнен
Сынық арба секілді тоқтармын ба.
Кембағал деп бөлсе де мені ағайын
Сұм тағдырдың жығылған көкпарында.
Неге хабар айтпады,
Сезем бәрін,
Суық желдің қай жақтан соққанын да.
Дұшпан көзбен қарамай боз басыма,
Тілемей ме жақсылық өз басына.
Тарих куә,
Бәрібір көгермеген
Қалған жандар ақынның көз жасына.
Талап қойған тірліктің шарты келмей,
Еркебұлан өскенмін талқы көрмей.
Ағайыны бөлсе де,
Арлы ақынды
Байрақ етіп көтерген халқы бөлмей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу