Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  170


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАНЫМНЫҢ ДАУАСЫН ТАПҚЫҢ КЕЛСЕ...


Жүр ме, бәлкім, жараспай тұзым әлі,
Неге менің мәшинем бұзылады?
Сырқат емін таппаған дәрігердей
Сарсылады моторист, қысылады.
Соны ойласа басымда миым қайнап,
Менің жүрек – моторым қызынады.
Қуырылған жүйткісе жол танабы,
Бар болса егер мәшинең – қолда бәрі.
Жылдар желі жұқартқан жүйкемдей боп,
Тозып қапты-ау төрт таған – доңғалағы.
Кете қоймай көгінен бұлты да ауып,
Шаң аралас бұл жаңбыр дүркін жауып.
Сырылдайды оталмай
Қалды ма, әлде
Генератор – өкпесін түтін қауып.
Мұздақ қатып бетіне қаудырлаған,
Жолда мені пырақ ед қалдырмаған.
Сүмбіл сұлу денесі...
Бәрі тозып,
Сүйегіндей кәрінің саудырлаған.
Күндіз болсын, түн болсын бір таңдамай,
Барар жерге жетуші ем жұрттан қалмай.
 Қайда бұрсам сонда ағып жөнелетін
Келіншегім секілді бұртаңдамай.
Тас қаланың көк түтін ауасында,
Өркен жаяр ер жігіт бағы асылда.
Емін тапсаң бұзылған мәшинемнің,
Тапқаның ол жанымның дауасын да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу