Өлеңдер ✍️

БІР ӘКІМГЕ
Құдай емес,
қызмет сыйынғаның,
Қалай жетсін, ендеше, қиырға әнің?
Соққанымда телефон
Хатшы қызға:
– Жоқ деп айт! – деп бұл қалай бұйырғаның?
Қаптағасын қарғалар аспаныңда,
Айналды ма қарғаға жас жаның да.
Бар боп тұрып қай сөзің жоқпын деген,
Қашқаның ба, жоқ әлде асқаның ба?
Жұрттың бәрі көз жазып жұмысынан,
Азып-тозған мезгілде тұрмысынан.
Жең ұшынан жалғасқан кілең сыпа
Жалғасуға қорқа ма сым ұшынан?
Жоқпын дейсің,
Жүрмісің жоғалғалы,
Құмға сіңген өзендей мол арналы.
Туған елді сақтасын жоқтан құдай,
Құлагердей мерт болған көп арманы.
Тентек етіп көрсетіп тектіңді елге,
Білем,
білем тезек ғып тептіңдер де.
Жасап жатқан заманда жоқтан құдай,
– Жоқ! Жоқ! – деуге үйреніп кеттіңдер ме?!
Жақсы-жаман...
Бәрін де саралаған
Азамат ер асылын бағалаған.
Көтереді ел рухын қалай ғана
Көтеруге трубка жарамаған?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter