Өлеңдер ✍️

ТІЛ ТИГІЗБЕ АЛАТАУҒА
Қазықұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Халық өлеңі.
Сырық бойың сидиған терекке көп
Ұқсар десем,
қалмас та ел өкпелеп.
“Ей, қақбас! – деп тілдедің Алатауды, –
Келіп тұрмын бір ақын керек пе?” – деп.
Қайдан келген сайтансың?
Таңырқадым,
Алатаудан кіндігің бөлек пе деп.
Бұзылмасын көңілдің шырқы қайтіп,
Ашылатын кезеңде бұлты қайтып.
Киесі атып жүрмесін бір күндері
Сұмдығыңды көзіңе шұқып айтып.
Қайдан келген жылымсың жиі күлген
Өліп кете жаздадым күйігіңнен.
Бұл – Алатау халқымның айбары еді,
Барша қазақ шырқаған биігінен.
Ұнамады Алатау саған неге?
Жаман қарға секілді жаман неме.
Жамандасаң еншіме тиер деп пе ең,
Қазықұрттың басында қалған кеме.
Айналаңа қарашы санаңды ашып,
Кімдер жүрсін ырзығын саған тасып.
Сен секілді жігіттер жақсы болса,
Ауылыңнан кетпес ед Арал қашып.
Дауыл боп та кей-кейде бұрқана алмай,
Бәрін бағып құзыңда тұр қарағай.
Көз жанарым нұрлана түсер деме,
Алатаудың басына бір қарамай.
Сұм тағдырдың шекеңе тасы тимей,
Тілектеспін,
кімнен де басым жүргей.
Алатаудай азамат болам деме,
Алатауға табынып басыңды имей.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇