file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  181


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖОРҒА МІНГЕН ЖАҒАЛЫ АҒА

Торқа киген жорғалы жағалы аға,
Кісілікті байлықпен саралама.
Кедейліктен ғұмыры көз ашпаған
Тесік қалта ақын деп табалама,
Торқа киген жорғалы жағалы аға.
Құдай жомарт байлықты саған бөлген,
Ақындықты ардақтап маған берген.
Сасық байлық кімде жоқ,
Айдалада
Қасқыр тартқан сиырдай арам өлген.
Ақын болсам мін емес кедейлігім,
Аспан астын күркіреп кернейді үнім.
Ақыл бермей бір түйір,
Мың батпан ғып,
Байлық беріп есіртті сендейді кім?
Көз жасына жібімей жарғақ жаның,
Жылатқаның өз жұртың, зарлатқаның.
Елдің бәрін соқыр деп ойлайсың ба,
Қандай жолмен белгілі мал тапқаның.
Мәңгі жанам деймісің желге сенбей,
Ғұмыр бойы келесің елге сенбей.
Толтырмас па ем қоймамды қазынаға,
Ойдан-қырдан жымқырсам мен де сендей.
Тіршілікте жаралды кім шынардан,
Бәрін өрге сүйрейді құлшына арман.
 Басың сенің – құныс ой, ұры қуыс,
Басым менің – комбинат жыр шығарған.
Шуақ ескен бетімнің ажарында,
Жазған жырым –
барым да, базарым да.
Жырыңды ұры болса да түбі ұсталған,
Қандай жауап айтасың жаза алдында.
Түгел безіп ағайын сырыңды алған,
Дарияға ұқсайсың жырымдалған.
Байлық қалса өзіңнен,
Ал ақынның
Мұра болып еліне жыры қалған.
Болсам деп те жасыған тірегі ердің,
Төсегіңнен сен қашан түрегелдің?
Ендеше, аға, ақынды кедей деме,
Жыры – туы,
Тұғыры – жүрегі елдің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу