Өлеңдер ✍️
ОУ, АДАМДАР!
Оу, адамдар!
Сендерге не істедім?
Ойлы-қырлы жеріңді тегістедім.
Неге өртейсің өрт болып өзегімді,
Өзегіне құрт түскен жеміс пе едім?
Оу, адамдар!
Сендерге не істедім?
Естімеймін мен неге көктем үнін?
Бір баса алмай өксігін өтті өмірім.
Күйін кешіп тірлікте жүрмін әлі
Ауыл иті талаған көк бөрінің.
Бірі, сірә, бола алмай жағымды ердің,
Адастым ба төсінде сағым белдің.
Өзімді ылғи сезінем жалғыз неге
Жүрсем де еркін ішінде қалың елдің?
Жұрттың бәрі жаралса нар пішінде,
Ар-қасиет неге жоқ арлы ісінде?
Неге, ендеше, мен жүрмін жалғызсырап,
Секілденіп бір бидай арпа ішінде?!
Адырнасын өгіздей мөңіреткен,
Асыл қанша өксумен өмірі өткен.
Азар болса өмірден мен де өтермін,
Сырласатын тең таппай төңіректен.
*** *** ***
Күнім менің қаралы,
Жаным менің жаралы, –
Азамат таппай елімнен
Ақ сұңқар ойлы саналы.
Ақыннан әкім жағалы,
Ардан да алтын бағалы.
Қарағанда қағаз ақшаға
Адамның құны шамалы.
Азаматтық қоса азбақ па
Тартылған екен деп Аралы.
Жаза ма жұрттың жарасын,
Білмеген сөздің сарасын.
Айыра алмай жүрміз біз әлі
Жақсы мен жаман арасын.
Қайран да қайран ата жұрт
Улаған арақ санасын.
Айдаған қойдай шұбырып,
Адасып қайда барасың?
Сөйлемей келсем ел тоқта,
Айналам алау енді отқа.
Егеулі найза жыр жазам,
Егеулі найза ер жоқта.
Президентің тәңір пір болмай,
Сөйлеген сөзің мір болмай.
Өспейсің жұртым ешқашан
Өркенің өжет жыр болмай.
Ұялмай жарық күннен де,
Қорықпай қара түннен де, –
Біріңді бірің шұқылап,
Жүрсіңдер әлі кіл пенде.
Қарғаның көзін қарға да
Шоқымай ұшып жүргенде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter