Өлеңдер ✍️
ЕЛГЕ БАРАМ
Елге барам, жан балам, елге барам,
Атам жатқан құба бел – жерге барам.
Шешең құсап күл шашып,
Қарғыс айтып,
Қаласың ба соңымнан сен де, балам.
Елге барам,
әкеңді кінәлама.
Сені, балам, тапсырдым бір Аллаға.
Құрақ көрпе секілді
Өмір деген
Қырық құрақ жамаудан құрала ма?
Жылу қашып,
көзімнен нұрым қашып,
Қалай тұрам шешеңмен ырылдасып.
Жоғалмасам көзіне күйік болмай
Балқан асып,
Жер түбі Қырымға асып.
Қара басын қасиет, мұрат көрген
Күні бар ма шешеңнің шуақ бөлген.
Жылап-сықтап өмірден өтіп барам,
Соғыс жылғы ұрпақ ем жылап келген.
Аспаныма жұлдыздан шырақ жақпай,
Тағдыр мені қойды ма жыраққа атпай.
Ұлылардың бәрі де азап кешкен
Тірісінде жер-көктен тұрақ таппай.
Шаңырағым сықырлап шайқалғасын,
Қайдан оңсын қор болмай қайран басым.
Жаңғақтайын миымды шағып бітсе,
Миым неге көк суға айналмасын.
Нұрлы әлемді сайран бақ, сейіл көрмей
Нем бар еді өмірге кейін келмей.
Түзу жолдан таймаған тікбақаймын,
Тусам керек тірлікке бейімделмей.
Ажал құшқан бейбақтай тентекке еріп,
Бір күндері жатармын етекте өліп.
Шешеңменен қырық жыл отандастым,
Қырық жылғы “қырғынға” төтеп беріп.
Жанарында бар ғалам тыныстаған,
Зауал жетсе тағынан кім ұшпаған.
Білсең, балам, кемеңгер Толстой да
Қатынымен қырқысып ұғыспаған.
Шытынаған, шіркіндер, шыны болса,
Қолын кеспей тұра ма шыны ұстаған.
Ғұмыр өтті шырқырап шырғалаңда,
Мендей сорлы бар ма екен бұл ғаламда.
Көзі жарым кембағал кімге дәрі,
Кәпір болған қазіргі сұм заманда.
Жүрегіңді толқытып толғаса өнер
Ата рухым рухыңды қолдаса – көр.
Топыраққа айналып кете барам,
Туған елге керегім болмаса егер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter