file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  248


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚҰРБАН ЕТІП ШАЛСА ДА...

Желік біткен,
Тал бойға жел де біткен,
Құр алақан емеспін кем-кетіктен.
– Құдай жоқ! – деп жырладым жас
күнімде,
Өкіметке,
ұстазға сенгендіктен.
Кешпейсің бе,
Тәңірім, кешесің бе?
Партияны жырладық есесіне.
Сан сабатып әкесін өз ұлына,
Қарсы қойған өз қызын шешесіне, –
Партияны жырладық есесіне.
Арақ ішіп азғындап,
Құралмаған
Коммунисті жырладық ұрандаған.
Түлкі – үмітке алданып ғұмыр кештік,
Ақша бұлттай көзді алдап қылаңдаған.
Көз салғасын кедейге –
көк құмайға,
Асыл ана асыл ер көп тумай ма?
– Компартия бар кезде, – деп шулықтық, –
Қалай біздер сенеміз жоқ құдайға?!
Иман жүзді имамды сілкілеген,
Сұрқай, зұлым заманды кім тілеген?
 Жанның бәрі құдайға қарсы болған
Мәртебелі қызметте дүркіреген.
Кілең кедей жетілген бесік көрмей,
Өкіметті құраса жеңсік бермей.
Қызыл қоғам құлаған ақырында,
Кезінде өзі қиратқан мешіттердей.
Қанат бітіп қазақтың қанатына,
Еркін елдің қосылған санатына.
Бірақ құдай күнәсін кешер емес,
Жеті қаттың шығып ап қабатына.
Көкжиектен атса да күліп таңы,
Сезіліп тұр қабағын суытқаны.
Елдің, міне, алдынан шығып жатыр,
Бір кездері құдайын ұмытқаны.
Аман қалған ажалдың жебесінен,
Сөгілуде қабырға – көбесінен.
Осыншама қысылып,
Тарыға ма
Құдай жұрттың ұрмаса төбесінен.
Жер бетінде көл боп та жаңа тұнған,
Кезім көп-ті құдайға сан атылған.
Қайран көзім сонан ба,
Көп қабынды
Сұлулықты көруге жаратылған.
Жасағанды кісәпір сараң көрген,
Ел ішінде жан қанша табанда өлген?
Көз қабынып көруден қалды мүлде,
Жазасы ма құдайдың маған берген?
 Жетелеген өмірді,
Қалғанды – алға,
Қай кезде де күн жоқ-ау тарландарға.
Құрбан етіп шалса да құдай мені,
Көгертсе егер елімді, арман бар ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу