Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  187


Автор: Рафаэль Ниязбек

НЕ АЙТАСЫҢ КӨКІРЕГІ СОҚЫРЛАРҒА


Тал бойына қызуы – өлең тарап,
Ақын дей ме сомдалған өрен талап.
 Қайда бар ма басыңды тік ұста ылғи,
Жүрме, дейді, дәрігер төмен қарап.
Шаңдата ма дүние – асау тулап,
Бұлдырайды көзім де жасауырап.
Дән жиналған басына тарыдайын,
Төмен құлай береді бас ауырлап.
– Үңілгендей қарақат,
шиелерге,
Көзге зиян...
Басыңды ие берме.
Қарама деп төменге шырылдайды,
Көз салсаң да биікке,
Киелі өрге.
Жүрем десең тірлікте жырымдалмай,
Дәрігердің көр енді тілін алмай.
Айтқанды ұғып еңсемді тік ұстадым,
Қалмасын деп көзімде нұрым жанбай.
Таң бозында таза ауа,
Жұтқан арай,
Пенде шіркін, жағады жұртқа қалай?
Келе жатсам көшеде
Секілденіп,
Жарға біткен жалғыз тал тік қарағай.
– Мына, шіркін, шалқақтап қалыпты-ау, –
деп,
Қалсын, сірә, тұсымнан кім қарамай.
Сәлемдескен жан қанша жорта келіп,
Іштерінен тұрса да шын қаламай.
Мән-жайымды жүрсе жұрт жете біліп,
Қызына ма кеудеден от өріліп.
 Кісі қанша сыртымнан ғайбаттаған,
Қалыпты-ау деп тұмсығы көтеріліп.
Жақсы емес-ау сөйлеген сөзін білмей,
Мені – көжек,
Көргендер өзін – пілдей.
– Танытып қой әкесін, – дейді кейде, –
Тірі жанды барады көзіне ілмей.
Не айтасың бұларға толқыны өктем,
Жүрегімді құзғындай шоқып өткен.
Құдай мені көзімнен соқыр етсе,
Көкірегін олардың соқыр еткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу