file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  246


Автор: Рафаэль Ниязбек

КИІМ БҮТІН, БІРАҚ ТА...

Киім бүтін,
Тамақ тоқ,
Сөзім – сара,
Жанға батқан жалғыз дерт – көзім ғана.
Көзі көрмей,
 Ғаріп боп қалса адамдар
Сезінеді екен-ау өзін бала.
Шақырмайды қол бұлғап селдір дала,
Жаутаңдаған дәрменсіз мен бір бала.
Ғаріп болып қиналдым шара қайсы?
Жетілгенде,
жеткенде енді ғана.
Көз алдымнан көк орман шынар қашып,
Жанарымды үлгерген мұнар басып.
Қатарымнан озсам деп көсілгенде,
Кеттім бе әлде бұлттарға –
тұманға асып.
Жарқ-жұрқ етіп жүгірген жалын шашып,
Көрмей қалды көзімнің қаны тасып.
Өзім сорлап қалдым ба,
Кім біледі?
Өзгелердің жүргенде бағын ашып.
Түнермеген бұлт болып елге аспаны,
Талабымның жаңа еді бел асқаны.
Асау қаны тасыған қос көзімнің
Және мені қинап тұр шел басқаны.
Қиындықтың бәріне шыдап, көнген
Ақын едім жүрегі жырлап келген.
Тағдырыма не дейін?
Нұрын қимай
Қос көзіме қос-қостан сырқат берген.
Кім қарасын бұл күні хал-жайыңа,
Жазылғасын сор ғана маңдайыңа.
 Айналаны бұлыңғыр көрем ылғи
Көз әйнектің жарамай қандайы да.
Жаратқанын, қайтейін, батыр етіп,
Жаратқанын, қайтейін, ақын етіп.
Оқи да алмай,
Жырымды жаза да алмай,
Күрең күндер өксікпен жатыр өтіп.
Күңіреніп өрт жаным күрсінгенде,
Қақ жарыла жаздайды тылсым кеуде.
Теңселеді тас үйім
Бүкіл денем
Он екі бал қуатпен сілкінгенде.
Құс емеспін ұстайтын торда бағып,
Сорлағасын ер жасы –
жолда қалып.
Дүниенің бар ашу, ыза, кегі
Жиналуда кеудеме қордаланып.
Адам неге сорлайды келсе өнерге,
Қара жерге рухымды ексе өнер ме?
Қайда барам жарылмай
Ашу-ызам
Қордаланып жинала берсе егер де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу