Өлеңдер ✍️
СЕНІ ІЗДЕП ТАБАМ ТҮБІНДЕ
Омырауын ақ тер торлаған
Ат басы қайда қалмаған.
Ел-жұртын жаудан қорғаған
Ер басы қайда қалмаған.
Ажалда тойым болған ба
Жақсыны ғана жалмаған.
Жоғалғандарды қиырда
Жүрегім іздеп сарнаған, –
Дауылда,
боран құйында
Жол тартып қайда бармаған.
Жоқ іздеп жүрген жандаймын
Сарылып сағым қармаған.
Тас бауыр жетім қозымын
Жарасын бітеу жармаған.
Боздақтың бұла бозымын
Шаң боратып шауып талмаған.
Сарқытын ішпей сараңның,
Жал-жаясын жемей жаманның.
Арқау ғып асын адамның,
Бүтіндігін ойлап ғаламның.
Алпысқа жетіп қалыппын,
Арнасында ағып заманның.
Соғыста өлген әкемнен
Жасым да үлкен бұл күнде.
Оралса жап-жас жат елден
Болуым бала мүмкін бе?
Әкемнен үлкен емеспін,
Жас жағынан үлкен болсам да.
Рухынан биік емеспін,
Алатау ғып мені жонсаң да.
Әкемнің өлген жасынан
Кетіпті-ау асып балам да, –
Мұнар ой кетпей басымнан
Жүргенде қала, даламда.
Оралса, шіркін, жоқ арман
Жас әке қажет бұл күнде.
Шуласа да қалың көк орман
Оралуы, бірақ, мүмкін бе?
Теңізге батқан кемедей
Жоғалған сүңгіп тереңге.
Мергеннен қалған жебедей
Аманат етіп мені елге.
Не шара қатал тағдырға
Түнерген суық пішінде.
Кеудемді тосып жаңбырға
Қара орман елдің ішінде.
Қартайсам да шау тартып,
Жантайсам да жер тартып
Сені, әке, жоқтап өтермін.
Ақ самал есіп жүзімнен,
Өзіңнің кеткен ізіңмен
Соңыңнан қуып жетермін.
Бара ма кеміп күш мүлде,
Тарқауға жақын тойым да.
Кездеспей өтсек үстінде
Табысармыз жердің қойнында.
Қасиетімді, әке, біл сен де...
Кемелер батқан теңіз, – деп, –
Қойнына жердің кірсем де
Түбінде табам сені іздеп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter