Өлеңдер ✍️
МАЙДАНҒА АТТАНҒАН БОЗДАҚТАР
Ақпан барда,
құрылған қақпан барда,
Көрінсін деп жарқылдап саптан да алда, –
Абыз қарттар батасын берген еді,
Сіздер,
майданға аттанғанда.
Соғыс тілін білген де,
білмеген де,
Қалыс қалмай аттанған дүрбелеңде.
Мұжық Ресей немісті жеңе алмас ед
Сіздер,
сіздер ұрысқа кірмегенде.
Шыр көбелек айналып шырғалаңда,
Сойқан әлі бітпес ед сұр ғаламда, –
Ар-намысты ұран ғып,
Сіздер, сіздер
Жер түбіне соғысты қумағанда.
Күтсін, мейлі, алдынан қайғы аларып,
Бес қаруын түгендеп сайлап алып, –
Елін жаудан қорғаған, жерін жаудан
Көмілмеді ер басы қайда қалып?!
Жарық жұлдыз сөне ме аспан барда,
Желбіреген тусыңдар асқарларда.
Көтерілген ескерткіш рухтарың
Қай қиырды жастанып жатсаңдар да.
Ту тіксе де асырып айдан да әрі,
Өздеріңдей болсын-ау қайдан бәрі.
Неге оралмай осынша кешіктіңдер
Жүрсіңдер ме қан кешіп майданда әлі.
Жүрек түгін жауға атқан жебе көріп,
Күн кешпеген ер басы неге көніп.
Сұм соғысты жібермей бері қарай
Қалдыңдар ма Берлинде шегеленіп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter