file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  197


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚИСЫҚ БҰТАҚ

“Ол (Кеңшілікті айтып отыр) Абайдан да,
Мағжаннан да биік”.
“Бердияров, Мен және басқалар...”.
Ө.Нұрғалиев. “Кентавр”.
15 маусым, 2007 жыл.



Жанарыңды суармай таң нұрына,
Қалай ара түсесің тағдырыма.
Түскен талай қара құрт сен емес пе,
Қара өлеңнің бұлқынған тамырына.
 Қуат жимай,
Нәр жимай сүйікті елден,
Ақын қанша қызғаныш – күйікте өлген.
Сен емес пе бозторғай Кеңшілдікті
Сөз патшасы Абайдан биік көрген.
Суырмайды маңында құйын мүлде,
Кеңшілік тұр өзінің биігінде...
Ақын бар ма Абайдан биік тұрған
Найзағайы шатырлап жиі күнде.
Қу жаныңның жылғасы таласа ағып,
Жүрегіме келеді жара салып.
Онда Абайдың несі Абай?!
Тұрса егерде
Кеңшіліктің алдында аласарып.
Жұрт көңілін жүргенде саған ашып,
Алжасқаның бұл қалай қара басып.
Атақ алғың келе ме кім біледі,
Аруағымен Абайдың жағаласып.
Ат арытып, алысқа жиі аттанып,
Көңіліңнен көрдің бе күй ақтарып.
Көрінесің көзіме
Қарағайдың
Қисық өскен бұтағы сияқтанып.
Қуыс кеудең терімен тұр қапталып,
Сандырақтап сөйлейсің бұрқап қалып.
Емделмесең бола ма емханада,
Мүмкін қалған шығарсың сырқаттанып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу