file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  274


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҒАЛИ АҚЫННЫҢ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ


Алты алаштың биіктеп тұр аспаны,
Ғасыр өтті өзіңмен сырласқалы.
Күннің нұры кеудесін аймалаған
Жетісудың сен едің бір асқары.
Жақсы, жаман теңескен бұл ғаламда,
Тебірендің тереңің тулағанда.
Жер жанары Жетісу атала ма,
Ұлы ақынды өзіңдей тумағанда.
Толқындарын қозыдай жамыратқан,
Ұлы өзеннің бірісің сабырлы аққан.
Шынында, аға, өлгендер емес шығар
Жығылғанның бәрі де арғымақтан.
Қылмыстарын бетке айтқан ірілердің,
Айналады қашанда піріне елдің.
 Жазған жырың жүрегің болса егерде,
Жүрсің, аға, ішінде тірілердің.
Тағдыр кейде ұстасып, егескенде,
Қуатыңа айналды белес-белде.
Сенің демің шығар деп ойға шомам,
Қоңыр қырдан ақ саумал жел ескенде.
Туған елдің үмітін үкілеген,
Ақын аз ба тірлікте нұр тілеген.
Сенсің бе деп, жан аға, жалт қараймын,
Күннің дауысы естілсе күркіреген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу