Өлеңдер ✍️
МАРҚҰМ ӘБДІБАЙ ҚОРҒАНБАЕВТЫҢ РУХЫНА
Көңіліңнің аспаны күркіреді,
Жанартауың кеудеңде сілкінеді.
Мына өмірге өкпелеп,
Ана жаққа
Өлең іздеп кеттің бе кім біледі.
Ажал атқан тисе егер оқ қорғасын,
Неге сенің кеудеңе өрт толмасын.
Ерте аттанып кеттің бе кім біледі,
Бақталастық ол жақта жоқ болғасын.
Бақа неге ойнасын құлағыңда,
Толқын болып туласаң жыр ағында.
Алмас қылыш секілді жатырсың ба,
Құба белдің тыныстап қынабында.
Көкірегіңде тасқындап өлең күнде,
Талай нұрлы шуаққа бөлендің де.
Сарқып ішіп Абайдан қалған уды,
Әлде суыт аттанып жөнелдің бе?
Бірақ, бірақ...
Ол уды кім тауысқан,
Билік құрған заманда кіл сауысқан.
Кімнің тоңған жүрегін жылытады,
Мына жалған дүние нұры ауысқан.
Толқын қуған арнасын баққа бұрып,
Көңіліңнің өзені аққан тұнып.
Көрде тыныш жатқызсын қалай сені,
Көк бөрі жыр ішіңде жатқан ұлып.
Мұратына жетпесін кім асығып,
Айдыныңды қара өлең тұр асырып.
Серуендеп жүргендей көрінесің
Ауылыңның сыртында қырға шығып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter