file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  156


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕМСЕР

Князға
Болашақтың көзінде оты өріліп,
Болашаққа жетерсің төте жүріп.
Рухың сенің асқақтап тұрған жоқ па,
Ақ сұңқар жыр кеудеңнен көтеріліп.
Тәңір сені асылдан жаратқалы,
Жігіт бар ма кірмеген санатқа әлі.
Өміріңнің өзені өрге ағып тұр
Азаттықтың арайлы таңы атқалы.
 Белге буған белдігің күміс еді,
Қымызыңды мен ішпей кім ішеді.
Тереземді келемін ашық ұстап,
Өйткені ылғи сен жақтан күн түседі.
Көңілімнен дүрлігіп құс қашқалы,
Жүргендер көп жарама тұз басқалы.
Сен айналдың Қаратау қуатыма,
Қарау қоғам менімен ұстасқалы.
Дүниенің дүбірлі дүрмегінде,
Буырқанып жүрмесін кім елінде.
Ұғындырған сен едің мені өзіме,
Ұғына алмай өзімді жүргенімде.
Мүмкін жұлдыз шығарсың көгімдегі,
Мүмкін сәуле шығарсың көңілдегі.
Сен бар жерде жауларым неге ығады,
Егер семсер болмасаң төрімдегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу