file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  180


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАЗАРДА

Аттандырып салғандай нағашыма,
Өмір – өзен лақтырды жағасына.
Нарық қысып базардан бір-ақ шықтым,
Қалмайын деп дұшпанның табасына.
Шерін неге шер жүрек қозғамасын,
Шер қысса егер қазақтың боз даласын, –
Қымбатсынбай затымды жатса да алып,
Білетіндер әдетте өз бағасын.
Ызғар есіп жүзінен салқын күндей,
Келеді де кей жандар жарқын күлмей.
Саудаласа кетеді,
Ұтпақ болып,
Затым және өзінің нарқын білмей.
Опындырып кетпек боп, шын жылатып,
– Түсір, – дейді, – бағаңды құлдыратып.
Және арбай бастайды,
Көз алдыңа
Сардаланың сағымын бұлдыратып.
– Неге? – деймін беріспей қайшыласып,
Тыныс-демім кете алмай айға ұласып.
– Бұның атын білмесең мен айтайын,
Базар! – дейді тұрғандай айдыны асып.
 Қандасымнан көргесін көресімді,
Қадалмайын мен неге жебе сынды:
– Білгендерге өмірдің өзі базар,
Бағалайсың қаншаға сен өзіңді?
Жүрегіңді, кеудеңді толғаса өнер,
Ер болар ең жөн-жоба, жолға сенер.
Соқыр тиын құны жоқ жан екенсің,
Үстіңдегі киімің болмаса егер.
– Билегендей Алаштың құм, даласын, –
Дейді өжектеп: – сен неге бұлданасың?
Пельмен жейік артылған теңгемізге,
Түсір, – дейді, – затыңның бұл бағасын...
Ұрпақтардан ұрпаққа көше білген,
Атадан қалған жол ма бұл неше жүрген.
Қазақ – қазақ бола ма,
Ырзық – пұлын
Айырмаса өзгенің есебінен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу