file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  217


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЗАҚ БОЛСАҚ...

Ей, шұбар ақын!
Мен емеспін сөзіңе қуаратын.
Алтын құрсақ аналар аман болса,
Әлі талай біздердей туар ақын,
Елін, жерін жыр жазып суаратын.
Сыбағамды жүргендей беріп тегін,
Жетер енді жын атып желіккенің.
– Қауға тартып, қой баққан атаң, – деп те,
Ұлы Атамды бұл қалай кеміткенің?!
 Жағаласпай жайлауда қой баққаны –
Білсең егер емес пе ой баққаны.
Қара қойды бақса атам баққан шығар,
Азаттығын елімнің тойлатқалы.
Шабындығын таң атпай бұрын орған,
Қой бақса да арғы атам ұлы болған.
Момындығы үшін де асқақтты,
Қыдыр дарып,
Алланың нұры қонған.
Мылтық атып шошытып бұла таңын,
Момын елде шығарсын кім атағын.
Ұлымын деп ұлының неге айтпайын,
Ұлы екенім рас болса Ұлы Атаның.
Азамат боп биіктен көрінбеген –
Қамшы емес пе ол әлі өрілмеген.
Ала қойды жүргендер бөле қырқып,
Елдің үстін тоздырып өрімдеген.
Ақындары неліктен бөлінеді,
Қазақ болсақ еншісі бөлінбеген?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу