Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  154


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨК ТӨБЕНІҢ ИТІ ДЕ...

Тіршілікте жүр дейсің кім ағарып,
Жүрегімді сыздатпа сына қағып.
Өсірмесең өсірме мені, ағайын,
Түспе, бірақ, соңыма шырақ алып.
Сапар шексе жол тауып төте жүрген,
Сөйлеп кетсе аузынан оты өрілген.
Өз жұртының жан рухы биік болмай
Ақын қашан биікке көтерілген.
 Қой-қозысы жамырап қырында өрген
Қайда ағайын, арайлы нұрын бөлген?
Көрінгенге көз сатқан қайыршы елдің
Ақындары жыр сатып күнін көрген.
Бәйге алса да озып кеп атым талай,
Кім түсінсін жанымды жақындамай.
Ар-намысы жоғалған арсыз елде
Айбарлы боп көрінсін ақын қалай?!
Жиылмайтын мезгілде төсегі ердің,
Тазарғанын көрдің бе көшелердің.
Алтын құрсақ аналар асыл туса,
Көсем болған ақыны көшелі елдің.
Бағым жанса жырларым көпке тарап,
Жүрмегенің ақынға текке балап.
Үретінін бірақ та ұмыт па, елім!
Көк төбенің иті де көкке қарап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу