file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  258


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨЛЕҢ – ӨНЕР АНАСЫ

Ойлы елімнің не болған талғамына?
Жетсем деп ем жетпедім арманыма.
Ақын деген жұртына қажет болмай
Тозған тулақ секілді қалғаны ма?
Жамандықтың бәрін де қылыштаған,
Ақын ғана жауынан ығыспаған.
Жолға салып жөніне жібереді,
Жыланды да қасынан жылыстаған.
Татулыққа шақырған ақын ғана
Ағайындар бар болса ұғыспаған.
Тонған елді қайтсем де жылытам деп,
Өр көңілін қашанда жылы ұстаған.
Ақын ғана семсері ақиқаттың
Жүрегінде нұр халқы тыныстаған.
Шалғайдан шаң көрінсе қылаңдаған,
Батыр қанша қол бастап ұрандаған.
Батыр ақын ешқашан бола алмаса,
Батыр болмай арлы ақын тұра алмаған.
Қусын, мейлі, ит қосып ардақтамай,
Қоңыр төбел күн кешкен арды аттамай.
Шырылдаған шындықты ақын айтқан,
Патшаға да,
Ханға да жалтақтамай.
Көкірегін, жүрегін шер толғаған,
Ақыны жоқ жалғанда ел болмаған.
 Дуанаға айналмай қайтеді енді
Сырқат, мәңгүрт қоғамда ем қонбаған.
Биіктерге көтеріп нарқын дара
Сырласына айналған жал-құм, дала.
Нар халықтың жақыны әкім емес,
Нар халықтың жақыны ақын ғана.
Шындықты айтсам кім-кімде туламасын,
Жұрттың сиқын көргенде мұңданасың.
Өлең – өнер анасы болса егер де,
Қалған еді сыйлаудан кім анасын.
Көз ұшында көрінген бұлтқа налып,
Көше кезген ұл қанша ұрттап алып.
Жырды оқудан неліктен бас тартады,
Ақын жазған жанарын шыққа малып.
Асыл ана секілді өлең кейде
Ел аманда сорлаған жұртта қалып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу