Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  199


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЫН ЕМЕС ПЕ, АҒАЙЫН, ЕЛДІГІҢЕ

Ақынның жүрегіне жара салма,
Жара салып, ағайын аласарма.
 Арлы Алатау емес пе ақын деген
Алатаусыз Алматы жараса ма?!
Қасқыр шауып малына қырда баққан,
Ақыны жоқ ел түгел мұңға батқан.
Ақын – елдің емес пе ар-намысы
Тамырында бұлқынып тулап аққан.
Жалын жаққан жүрекке,
Жалқын жаққан
Ақындардың алдында алқынды ақпан.
Аққуды атқан жалғанда көгермесе,
Көктей солған және де ақынды атқан.
Дүниенің тұрғанда сызы кетпей,
Ызғар қанша қарыған жүзін өттей.
Қай кезде де
Қай оқ та тоқтамаған
Ақындардың жүрегін сызып өтпей.
Жамандықты елінен аластаған
Ақынымен озық ел таласпаған.
Өз жұртына қадірі жоқ ақынның
Өзге жұртта еленіп бағы аспаған.
Ғұмыр бойы шырқалған асқақ әні,
Ақындардың жыр жазса – маздағаны.
Ақындарын сыйлаудан қалған елдің
Аз ба, ағайын, тірлікте азбағаны?!
Қилы шақта айналған жебесіне,
Неге ақынын алмайды ел есіне?!
Елдер ғана биікке көтерілген
Ақындарын көтерген төбесіне.
 Ар-намысын жоғалтқан жатқа беріп,
Елім мені жүр ме әлде қатпа көріп.
Кенесары мен кейде секілдімін
Халқы ермеген соңынан қаптап өріп.
Қарсы ұмтылған ақ дауыл, желді күнге
Аспан куә,
Жер куә ерлігіме.
Мені сыйлай алмасаң мін емес пе,
Сын емес пе, ағайын, елдігіңе!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу