Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  172


Автор: Рафаэль Ниязбек

НАРЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫНДА


Бәрі де қат бұл күні – көнесің де,
Құрып біттік дегенге сенесің бе?
Жылтыр айна секілді жалтырайды,
Дүкендердің түк те жоқ сөресінде.
Жоқ болғасын
кетеді күйіп пенде,
Ішкің сонда келеді күйіктен де.
Оның және табылмай сарсылтады,
Байлықтан да қат болып, биліктен де.
Ақшаның да құны жоқ, адамның да,
Бұзылғаны, сірә, бұл заманның да.
Жаман қарға аспанға толып кетсе,
Бағасының артқаны жаманның да.
Неге бұлай?
Себебін қайдан білем,
Өмір – күрес,
Өмірің майдан кілең.
Неге, ендеше, жақсыға бұйырмайды,
Табанына жаманның жайған кілем?
Қашып жүрген жоқпыз-ау күрестен де,
Не түседі жаманмен тірескенде?
Иман керек адамға, иман керек,
Қалсақ мейлі, қайтеміз, үлестен де.
 Шотқа қақпай тырнақтап жиғаныңды,
Шындық жолы – күресте қи жаныңды.
Дүниенің бәрі қат бұл қай заман,
Үйір деген заман ба иманыңды?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу