file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  140


Автор: Рафаэль Ниязбек

НЕРВОТОЛОГ

Қасым Әмірбаевқа
Шындықты айтпай жан көп те бұғынатын,
Жөн-жобадан сен емес жығылатын.
Көңіліңнен бір көктем көрем ылғи
Суық қарып тоңғандар жылынатын.
Ғұмыр кешкен мезгілде Ар алданып,
Кімнің жасы ақпады тарамдалып.
Тіршілікте жүйкесі жұқарғандар
Қуаттанып қайтады саған барып.
Көздерінде мөлтілдеп таң шықтары,
Қыңсылайды сырқаттың қаншықтары.
Өзің едің тірілткен қайта жалғап,
Үзілгенде нервімнің талшықтары.
 Көңіліңнің шуағы баққа ағылған
Сені көріп қашанда жат тарынған.
Алтын сандық кеудеңді қалсаң ашып,
Кіл жақсылық сау етіп ақтарылған.
Найзағайға суарған ақ алмасын
Жалын болып неге елге таралмасын.
Буырқанып жүресің содан, сірә,
Бура күштен, жан аға, жаралғасын.
Бұлтқа толып, дүмділер ісінгенде
Қалай тұрсын көздемей құсыңды елде.
Жай отына айналдың
Көңіліңе
Көлеңкесін біреулер түсіргенде.
Қайрат беріп өзіңе жеңіс күнде,
Жалғандықпен сан мәрте керістің де.
Сенің бүкіл ғұмырың, Қасым аға,
Жақсылықтан тұрады жер үстінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу