Өлеңдер ✍️
ҚАЗАҚ АТҚА ҚОНСА...
Қай елдің де тағдырын шеше білген,
Дала жұртын жұрт көрме есек мінген.
Қамшы үйіргің келеді төбесіне
Байып алып қазақтың есебінен.
Күні кеше далама ауып келген,
Сен емес пе елімді сауық көрген.
Жол үстінде жоғалған ұятыңды
Ата қазақ емес пе тауып берген.
Құбыладан соққанда жел есіріп,
Ұшқан талай көгімде жебе өшігіп.
Отандасым деп жүріп, бір күндері
Кетесің бе отымды сен өшіріп.
Сенген күштер қаруы, жарағына
Қарайды ма қазақтың қабағына.
Мүмкін емес шығарсың кім біледі,
Піскен кезде балта ұрған сабағына.
Қарағанда көзіңе қайғы аларып,
Семсеріңді сілтерсің қайрап алып.
Жер бетінде бұл қазақ болмаса егер,
Күн кешер ең шынында қайда барып.
Жалғандықты тақымдап жұмарлаған,
Арлы ақынның бәрі де жыр арнаған, –
Қазақ төрге мейманын шығарса да,
Төбесіне есіртіп шығармаған.
Дүр дүние өзгеріп, жаңғырғалы,
Өкпелісің, білемін, тағдырға әлі.
Аузың аққа жеткенде бұл қазақтың
Жүрсің бе әлде ауызын қан қылғалы.
Күнім өрлеп тұрғанда мылтық атып,
Кетер дейсің тауымды кім құлатып.
Асымды ішіп, тепкенің табағымды
Менің асау қанымды тұр тулатып.
Қан тілеген қашанда ер өспейді,
Болашақтың алдынан желі еспейді.
Сені көрсем көшеде келе жатқан
Суық қару көзіме елестейді.
Қару кезеп, түсіңді суытқаның –
Өзіңді өзің бөрідей ұлытқаның.
Қазақ атқа қонбайды,
Атқа қонса,
Күнің қараң боларын ұмытпағын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter