file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  194


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨМІРІМНІҢ ӨЗЕНІ

Ақ сұңқар құс көгімде самғағалы,
Жұлдызымның жоқ шығар жанбағаны.
Өмірімнің өзені жатыр ағып,
Өмірімді өлеңге арнағалы.
 Жаңылғанда өмірі ағысынан,
Ел ішінде талайдың сағы сынған.
Бақ қашқанда басымнан түлкідейін,
Ойлы өлеңім болатын бақ ұсынған.
Тұрғыза алмай өмірде мұнарасын,
Кезіп кеткен жан аз ба құм арасын.
Бір мұнара тұрғызып кетсем деймін,
Өз бағымды өлеңде сынағасын.
Талай мәрте жүрегім бұлқынды елде,
Жанар тауым жыр жазам сілкінгенде.
Көңілімнің күреңін кісінетіп,
Жүйріктердің ішінде жүрдім мен де.
Пайғамбардың жасынан асқанымда,
Жасын ойнай бастады аспанымда.
Кәрілікті бұрқандым мойындамай,
Кәріліктің есігін ашқанымда.
Арлы анамнан туғам жоқ қуарғалы,
Көңілімнің көктеген нұрлы арманы.
Өлеңімнің бау-бағы тұр жайқалып,
Өмірімнің өзені суарғалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу