Өлеңдер ✍️

ҚАРАУЛЫҚ ПЕН АДАЛДЫҚ
Азаттықтың арайлы таңы атқалы,
Өзендердің бар ма әлі дара аққаны.
Қара ниет Қараулық жүрген жоқ па,
Адалдықты түрмеге қаматқалы.
Көкірегін қысастық жайлап алып,
Адам біткен бара ма майдаланып.
Қара орманда адасып жүрген кезде
Ар-ұяты жоғалған қайда қалып.
Жұрттың бәрі айырылып келбетінен,
Қайығында қайғының тербетілген.
Арам сирақ көбейген ел ішінде
Қараулықтың қара атын ерте мінген.
Қызады деп ойлама ер шекесі,
Ел тонаған бұл күнде ел еркесі.
Сәулетті үйде Қараулық ғұмыр кешсе,
Адалдықтың жоқ әлі жер кепесі.
Тіршіліктің жел жұлып жапырағын,
Арнасында бұрқанып жатыр ағын.
Қараулықтың тұр әлі бағы жанып,
Адалдықтың қиратып шаңырағын.
Көктей солып жатқанда қыр гүлдері,
Елдің қашан ар қуып бұлқынды ері.
Мүмкін болмай бара ма кім біледі,
Адалдықпен күн кешу бұл күндері.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇