Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
11.03.2022
169
ӨЗЕНІМНІҢ АҒЫСЫ ӨЛГЕН КҮНІ
Өмірімнің өзені жайлап ағып,
Тоқтайтынын кім білген қайда барып.
Жылап аққан жылғаға құймаса екен,
Азуымды жүргенде Айға жанып.
Қылмыс жайлап, өршіген бұл ғаламда,
Жүрген күндер аз емес шырғалаңда.
Өмірімнің өзені шын лайланып,
Ағар еді басынан тұнбағанда.
Көңілінде толқыған мөлдір көлі,
Жұрттың мені ұғады жөн білгені.
Жүргендер де жоқ емес бұл өмірде
Өзенімнің ағысын өлтіргелі.
Ақсұңқары шарықтап көкте жүрген,
Мүмкін ақын шығармын от көрінген.
Ағысымды өлтірмек болғандардың
Қанжығама талайы бөктерілген.
Атқа қонып, қолыма ту алғалы,
Туған елдің көктеген нұрлы арманы.
Бағым менің жайқалып тұрған жоқ па,
Өмірімнің өзені суарғалы.
Әрнені ойлап, көңілім сілкінеді,
Үмітімді кімкеліп үкіледі.
Өзенімнің ағысы өлген күні
Мен де өлетін шығармын кім біледі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter