Өлеңдер ✍️

АДАМДАРДАН ЖҮРЕГІМ СУЫНҒАНДА
Ғасыр желі етегін жырымдаған,
Дүниенің көңілім сырына алаң.
Адамдардың түстері суық неге,
Қара тастан бауыры жылымаған.
Көкірегінен көрмеген бұлақ ағып,
Тобығыңнан қағады тұра қалып.
Адам, сірә, туа ма,
Түсу үшін
Бір-бірінің соңына шырақ алып.
Арай шашып тұрғанда түскі аспаны,
Керек еді ел болып құзды асқаны.
Анасынан адамдар туады ма,
Бір-бірімен тістесіп, ұстасқалы.
Қысастық па ақылдың жеткен жері,
Қалай ессін алдыңнан көктем лебі.
Анасынан адамдар туады ма,
Бір-біріне өшігіп, кектенгелі.
Жаңылмаса егерде санасынан,
Үйренбей ме кеңдікті даласынан.
Бірін-бірі адамдар өлтіргелі
Қанжар ұстап туа ма анасынан.
Уақыттың қайғысы келбетінде,
Дүние тұр ызғарлы жел өтінде.
Шынында адам туа ма,
Кім біледі,
Қанды соғыс ашқалы жер бетінде.
Табаға сап тағдырым қуырғанда,
Құлататын жан бар ма туымды алда.
Ұшып кеткім келеді құсқа айналып,
Адамдардан жүрегім суынғанда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇