file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  197


Автор: Рафаэль Ниязбек

МҰҚАҒАЛИ ХАҚЫНДА

Найзағайға айналып бұлт ішінде,
Өжет ақын әлі де тұр күшінде.
Қайран Мұқаң өлген соң жетіп еді,
Жете алмаған бақытқа тірісінде.
Жазылатын тұлға еді сөз басына,
Тіршіліктен қойды ма озбасына.
Дос едік деп бұл күнде күпінеді,
Нанын малып жегендер көз жасына.
Жүрегіне өлшейтін жара салып,
Той тойлаған жан қанша қара шалып.
Тау тұлғалы Мұқаңның алдында ылғи
Қадырларың тұратын аласарып.
Қара бура намысын шыңға жанып,
Жүруші еді көзінде мұң қамалып.
Бәрі мыштай болатын ақындардың
Қарсы алдында тұрғанда тұлғаланып.
Ат суарып бұлқынған бұлағына,
Қыздырынған жан қанша құмағына.
 Кер құланның құдыққа құлап өлген
Бақа шығып ойнайтын құлағына.
Қолтықтары сөгіліп, жел біткенде,
Алқымы ісіп, арғымақ ентіккен бе.
Қуанғандар жоқ емес,
Жыр бәйгеде
Көңілінің күреңі мертіккенде.
Жаратылған жан еді ер пішінде,
Кісінеген құлыны желісінде.
Оның тірі жүргенін көп көретін
Кісілер де көп болған ел ішінде.
Өзгергендер қоғамның кейпін көріп,
Озған жоқ па өмірге кейін келіп.
Таланттының қорғансыз болатыны –
Өмір сүре білмейді бейімделіп.
Көлеңкесін түсірмей өлкесіне,
Ақын бар ма ту тіккен өр төсіне.
Таланттының тағдыры қиын болып,
Сұлулардың сор болған көркі өзіне.
Жаулығы көп бұл неткен өмір еді,
Неге нақақ көз жасым төгіледі.
Оның, сірә, туғаны талантты боп,
Өз түбіне жеткендей көрінеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу