file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  176


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШАРШАСАҢ ДА

Тіршіліктен өтсең де көктем көрмей,
Тағдырыңа бола ма өктем келмей.
Қайық болып өткізген сен емес пе,
Өзендерім тұрғанда өткел бермей.
Рухы биік көрінген тұлға алдында,
Туысым да жоқ еді, туғаным да.
Сен емес пе өткізген мені арқалап,
Асулардан аса алмай тұрғанымда.
 Шуақ шашып тұрса да күн көгінде,
Неге азапты күн кештім нұрлы елімде?
Сен емес пе туымды желбіреткен
Көріне алмай биіктен жүргенімде.
Көлеңкемді түсірмей терегіне,
Бақыт тілеп жүргенде мен еліме, –
Сен емес пе құтқарған,
Кемем қирап,
Батып бара жатқанда тереңіне.
Бұғанасы қатайып жетілгенде,
Кімдер шетке тебеді жетімді елде.
Қайрақ болып қайраған сен емес пе,
Жүзім менің мұқалып кетілгенде.
Жанарымның ішінде сөнген арай,
Сен жоқ жерде шығамын төрге қалай.
Менің сынық арбамды,
Шаршасаң да
Сүйреп келе жатырсың өрге қарай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу