file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  237


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТҮРМЕДЕ ТУҒАН БАЛАНЫҢ МҰҢЫ


Кім мені сонша қорлаған,
Жырым көп жүрек толғаған.
Түрмеде туған баланың
Көңілі көктем болмаған.
Қасиеті сіңбей даланың,
Түрмеде туған баламын.
 Ағарып таңым ата ма,
Ақ сүтін ембей ананың.
Тас жүрек болып өспей ме,
Тас емшегін сорған қаланың.
Түрмеде туған баламын,
Болашаққа қалай барамын.
Дүниенің түскен тәніне
Сыздап бір тұрған жарамын.
Қарайлап өскен қалаға,
Қызықсын қалай далаға.
Өмір – өксік екен ғой,
Түрмеде туған балаға.
Күн кештім ылғи ашынып,
Өлем бе, қайтем, асылып.
“Түрмеде туған” деген сөз
Жазылған тасқа басылып.
Жабырқап жалғыз жүргенде,
Теперіш көрдім кімнен де.
Намыстан өлгем денеме
Түрменің иісі сіңгенде.
Бүк түсіп қалсаң іргеде,
Талайды сені бүрге де.
Түрмеде туып, жазған-ай,
Өлгендер қанша түрмеде.
Азабым бар ма шекпеген,
Тағдырға кейде кектенем.
Түрмеде тудым...
 Түрмеде
Өлмесем екен деп келем.
*** *** ***
Ақ самалы қырынан көңілді ескен,
Қазақ небір сұмдықты көріп өскен.
Бүлік іздеп өзге жұрт тиіссе де,
Сабыр сақтап саналы өмір кешкен.
Жайшылықта суырып ақ алмасын,
Қазақ неге жау іздеп жалаңдасын.
Әдеп сақтап күн кешкен шығар, бәлкім,
Қай жұрттан да биік боп жаралғасын.
Дүниені кісі аз ба бүлдіретін,
Күндер қайда көзінде күн күлетін.
Соқтықпаған қазаққа сойқан бар ма,
Сұм заманда қанден ит пілге үретін.
Бодандықтың босаған түрмесінен,
Ата қазақ жаралған күн көзінен.
О заманда бұ заман көріп пе еді,
Іргелі елдің жау кетіп іргесінен.
Қателігін қай қоғам түзетеді,
Әлі талай табаннан сыз өтеді.
Менің сардар жүрегім бір қалғымай
Тыныштығын елімнің күзетеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу