file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  182


Автор: Рафаэль Ниязбек

БІР ДОСҚА

Бас болатын заман ба құл жиылып,
Жұрттың көбі үлгерген тым сұйылып.
Сен кеткелі достықтан күннің нұры
Көкірегіме ағындап тұр құйылып.
Көкке биік жайқалып қарағайым,
Ғұмыр кешем әлі де қарапайым.
Көңілімде бір жаңбыр жауып өтіп,
Қалғандай бір тазарып жансарайым.
Дос табылмай қалмайды сенен кейін,
Сырқаттансаң жырыммен мен емдейін.
Құлатам деп ойлама көзден атып,
Құралайды көзге атқан мергендейін.
Өмір күліп тұрса да бетін беріп,
Жетілгенді көргем жоқ жетімге еріп.
Ел ішінде жүрген ек күні кеше
Жауға шабар қос батыр секілденіп.
Қара орманның шайқалмай желге Емені,
Шипа болған жан бар ма елге демі.
Елі қорғай алмаса Махамбетті,
Қорғай алмай сарсылдың сен де мені.
Жетеді елге жамандық кімге ілесіп,
Ақиқат пен Жамандық тұр тіресіп.
 Ойда жоқта жалт беріп, тайқып шықтың
Ұстасуға жарамай сілкілесіп.
Қылығыңды кім білген бұрын мұндай,
Шәйнектейін тез қайнап суындың ба-ай!
Жауға сілтер кезіңде
Қынабыңнан
Неге қалды қылышың суырылмай?!
*** *** ***
Қайда тартып барасың байқа, жалған,
Менің жарқын күндерім қайда қалған?
Таулы өлкенің тұманы секілденіп,
Көкірегімді бір үрей жайлап алған.
Үрейлі ойдың азынап күнде желі,
Емен-жарқын көп болды күлмегелі.
Түсінбеймін бүгінгі бұл өмірді,
Төңіректеп бір қатер жүрме мені.
Кілең шие бөрілер түнде өргелі,
Жұрт аманда оғынан кім өлмеді.
Мені көздеп сыртымнан жүрген шығар
Мына арсыз тірліктің сұрмергені.
Тышқандарға жем болған ер-тұрманы,
Үрейленіп үлгерген елдің бәрі.
Жоқтығынан емес пе қасиеттің
Ел ішінде қатерлі жел тұрғаны.
Өмір сүрем десеңіз сен егерде,
Көзі күлген жандарға сене берме.
Қарақшының болмауы мүмкін емес
Мұхиттарға жол тартқан кемелерде.
 Кімді қалай жайғарын өзі білген
Жауыздың да жымыңдап көзі күлген.
Бұл күндері ит жоқ деп кім айтады,
Туған елдің көрікті көшіне үрген.
Қанша өзімді жүрсем де сүлей көріп,
Бас салардай қапыда дүлей келіп.
Түнде қорқып ұйықтап төсегіме,
Түрегелем азанда үрейленіп.
*** *** ***
Қазақ неге жылайды өз жерінде?
Қазақ неге жылайды өз елінде?
Жылап ағып жатқандай сезіледі,
Сардаланы қақ жарған өзені де.
Үй тұрғызған қазақты “Шаңырақтан”,
Билік бишік үйіріп аңыратқан.
Бұзылмаған қаймағы ауыл еді,
Қозы-лағын кешкісін жамыратқан.
Мұнар тұнған көзіне мұңданғанда,
Боран болып соғатын бұрқанғанда.
Қазақ жерге зар болып үй салатын
Жылайтынын кім білген бұл жалғанда.
Бастан бағы қазақтың жиі көшіп,
Тұрған жоқ па ызғырық үйіне есіп.
Өз елінде кім білген сорлайтынын
Өгей жетім баланың күйін кешіп.
Шырылдатып, жылатып жас баласын,
Қанмен тағы жумақ па тас қаласын.
 Үйлерінен бәрін де айдап шығып,
Бұздырғаны бұл қалай баспанасын?!
Аспан ашық кезде де күн бұлттанып,
Жылағаны аз ба еді жұрттың налып.
Бұздырмаған жігіттер үйін қорғап,
Кете барған түрмеге тұтқындалып.
Ақша бұлты аунаған асқарында,
Намыс жоқ па тулаған жас қанында.
Төбесінде найзағай неге ойнайды
Жалғыз шөкім бұлт жоқта аспанында?!
Азамат жоқ қорғайтын ер тұлғалы,
Жайылады қайда енді елдің малы.
Қазақ ұйықтап жатқанда
Түн ішінде
Кетсе керек сатылып жердің бәрі.
Өкіметі өзінің жатқа айналып,
Күн кешкені жалған ба қақпайланып.
Қазақ әлі сорлайды болашақта
Көметін жер өлгенде таппай қалып.
*** *** ***
Өлгендердің көзіне құм саулаған,
Тірілерді бұл қоғам құрсаулаған.
Торы шолақ байталын таршылықтың
Тас емшегін созғылап кім саумаған.
Адырнасын өгіздей мөңіретіп,
Жатыр әлі өксумен өмір өтіп.
Мұражайға, шіркін-ай, сақтар ма еді,
Ауылдардың көз жасын мөлдіретіп.
 Дүниенің барса да қай тұсына,
Қолы жетпей жіліктің майлысына.
Жел шайқаған қайыңдай қалт-құлт етіп,
Ауылдар тұр сүйеніп қайғысына.
Көшесінде қиыршық құм суырып,
Тарыдайын қыр елін тұр қуырып.
Ауылдарды қажетсіз бұйым санап,
Үкімет те үлгерген тым суынып.
Бұзық заман құтырып жын атқалы,
Адасып жүр жұрт түгел жырақта әлі.
Саясаттың шоқпары тұр ма соғып,
Бәйтерегін ауылдың құлатқалы.
Тіршіліктің көз жазбай сағымынан,
Бақыт тапқан даланың сан қырынан.
Бар қазақтың тамыры ауылда еді,
Үзілмесе игі еді тамырынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу