Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  2832


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛПЫС ҮШ ЖАС

Бағы артқанда бұтағын жайған талдың,
Албырт шағым адасып қайда қалдың?
Пайғамбарлық құдірет бұйыра ма,
Жасына еркін жеткенмен пайғамбардың.
Қарамайтын заманда көңілге ешкім,
Ыстық аптап қуырған өңірде өстім.
Пайғамбарлың құратын шама қайда,
Алыс-жұлыс тірлікпен өмір кештім.
Құралайдың жетілген салқынында,
Халқым еді туысым, жақыным да.
Шырқыраған кезімді неге ұмытам,
Түсі суық тағдырдың тақымында.
Тіршілікті құраған сан-салалы,
Дүниенің өзі де жалдамалы.
Ғұмыр бойы келген-ді мені көздеп,
Қанжығасын аңшы – өмір қандағалы.
Алпыс үш жыл өмірді кезгенімде,
Жамандықтан жүрегім безген мүлде.
Сардарайын есімді тез жинадым,
Сатқын барын тірлікте сезгенімде.
 Арындаған ағысқа көшкенімде,
Бәйтерегім жайқалып өскен күнде.
Күркіреген күндерім аз емес-ау,
Ақ найзағай шатырлап өз көгімде.
Құм суырып тулаған тереңіне,
Балта ұрмадым өзгенің терегіне.
Отаным мен отбасым аман болса,
Одан өзге бақыттың керегі не?!
*** *** ***
Қаратаудың басынан қайғы көремін,
Алатаудың басынан Ай көремін.
Жұрт аманда мерт болған арыстары
Менің қара жамылған қайда өлеңім?!
Көк бөрісі ұлыса Айға қарап,
Қазақ ғұмыр кешеді сай жағалап.
Қуаныштың желі еспей бұл күндері
Елдің ішін жүргендей қайғы аралап.
Көңіл бөлмей өмірдің өрнегіне
Зауалына тағдырдың көнгені ме.
Сәби қазақ өсті ме кім біледі,
Қуаныштың бөленбей жөргегіне.
Жоқшылықтың тұрғанда бораны ұлып,
Жүдемесін ел неге қоңы арылып.
Сүйегіне сүйеніп қалған жоқ па,
Тіршіліктің арбасы доғарылып.
Өрге өрмелеп шыға алмай қайран талап,
Тозған жоқ па кемедей қайраңда қап.
 Болашаққа бұл қазақ бармаса екен
Қаратаудан тым ауыр қайғы арқалап.
Тыйым сала білетін тентегіне,
Арлы заман бұл күнде ертегі ме.
Қандай қиын кезде де ата қазақ
Үміттеніп қараған ертеңіне.
*** *** ***
Мына қарау қоғамды сілкіп өтіп,
Көңіл құсын ұшырсын кім түлетіп.
Жершілдерді қорғайсың қызғыштайын
Бозторғайы жаныңның шыр-шыр етіп.
Шындық болып о баста жаратылған
Таланттыны қиған көп қанатынан.
Қара қылды қасқайып қақ жаратын
Сөйлегеннің бәрі де ар атынан.
Аналары албырап арыс туған
Намысты елдің ерлері намыс қуған.
Туғандардың бәрі де жасық болып,
Жатқа барып жалданып қамыс буған.
Сатқындықтың тұр соғып желі сайдан,
Содан, бәлкім, қазақтың жері – майдан.
Азаматы егерде кісі өлтірсе,
Зауалынан құтылсын елі қайдан.
Жамандығын үйренген ерге сілтеп,
Кісілерді көтерме жерлесім деп.
Азаматтың бәрі де ардан туған
Жанталасқан елге ұят келмесін деп.
 Қалай сені ту етем ерге балап,
Қан базарың үлгерген ерте тарап.
Өздеріңнен көріңдер жолдан тайған
Дүйім елің қалса егер жерге қарап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу