Өлеңдер ✍️
ОЛ КЕЗДЕ
Бөрідей күндер жоқ-тын ұлытатын,
Жұрт түгел қайғы барын ұмытатын.
Мейірім ол кезде елде бар еді ғой,
Тоңғанда жүрегіңді жылытатын.
Ол кезде өскен емес жас кектеніп,
Тұрмайтын тамағыңа ас кептеліп.
Мейірім ол кезде елде бар еді ғой,
Жұрт түгел үлгермеген тас беттеніп.
Шалып қап, кісі жоқ-тын құлататын,
Жұрт түгел жақсы көріп ұнататын.
Мейірім ол кезде елде бар еді ғой,
Көңілің жылағанда жұбататын.
Көк шалғын шашың болып өрілетін,
Көгіңнен жаңбыр жыр боп төгілетін.
Ол кезде мейірім бар-тын
Жұрттың бәрі
Көзіңе жылыұшырап көрінетін.
Сескеніп өсек терген жұрт сөзінен,
Бақытын қуады, айтшы, кім өзінен?
Жаныңды нұрға бөлеп жіберетін
Үзіліп түскен сәуле күн көзінен.
Тіршіліктің арбасы тоқтасын ба,
Кім отырсын омалып отбасында.
Елде мейірім болғасын
Тұрған еріп
Самарқанның сазарған көк тасы да.
*** *** ***
Бізге бөтен екен деп ер-тұрманы,
Жігерімді бұл қалай жер қылғаны?
Ақиқаттың тілінде сөйлейтұғын
Жоқ па еліңде азамат өр тұлғалы?!
Көңіл қашан қалғымай серпіледі,
Жершілдіктен қай кезде ел түледі.
Тал бойында Құлагердің қаны ойнаған
Тұлпар неге оқыста мертігеді?!
Жас қайнардың көзіне құм суырып,
Қара құйын тірлікті тұр қуырып.
Ер намысын қорғаштап
Бір кісінің
Шықпағаны бұл қалай суырылып?!
Қайғы жұтып, жүрегім қабынғанда,
Шындық іздеп сарсылғам сағымнан да.
Жер болмас ем,
Сөзімді сөйлейтұғын
Ел ішінен бір абыз табылғанда.
Аламанға ат қосқан сайран белде,
Қапа болып, қан жұтқан майдангер де.
Бәйге алам деп, ағайын, әуре болма,
Әділдіктен безініп тайған елде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter