file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  202


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАРАР ҮЙІҢ ЖОҚ БОЛСА...

Күндер қанша басыма қан шабатын,
Жөнім бар ма көңілді ән салатын.
Бірге туған анамнан жоқ туысым
Барсам егер ауылға қарсы алатын.
Ардан туған ақынның жүрегі – елде,
Көкірегі күй тартып түлегенде.
Білсең, айтшы?
Қай үйге мен түсейін
Ауылыма ат басын тірегенде.
Жақынымның көбісі жатқа айналып,
Күн кешкенім аз емес қақпайланып.
Ауылыма барғанда түсетін үй
Сорлаймын ба деп қорқам таппай қалып.
Атым барда, басымда бағым барда,
Барсам деймін ауылға сағынғанда.
Көңілімді жұбатып қайтсам деймін,
Тауым тауға соғылып шағылғанда.
Жалғыздықтан қабырғаң сөгілгенде,
Кімдер келіп ішпейді сөліңді елде.
Мұздап қоя береді тұла бойым
Суық сәуле кей үйден көрінгенде.
 Көзді арбаған сұм жалған түлкі ме еді,
Қабағымның ішінде мұң жүреді.
Барар үйің жоқ болса,
Өз ауылың
Суық тартып тұра ма кім біледі?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу