Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  222


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЙ, АҒАЙЫН!

Ей, ағайын, жауласпай жүлдемді бер,
Қатты кетсем ашумен тілдеді дер.
Сүйген білер арудың қасиетін,
Арғымақтың қадірін мінген білер.
Өжет мінез ел болсаң ерге сенер,
Жеме ақымды – шырағың ерте сөнер.
Серт үстінде дауласпай жүлдемді бер,
Құлагердей мерт қылғың келмесе егер.
Жөнің бар ма, ағайын, бұлданатын,
Қасиетің жоқ па еді үлгі алатын.
Торы шолақ тоқалдан туған жоқпын
Сыбағалы үлестен құр қалатын.
Сұм заманда Құдайдан мұнай артқан,
Жандар жоқ деп ойлама Құдай атқан.
Бәрін бұзып жолдағы бөгеттердің,
Өмірімнің өзені тулай аққан.
 Қалған жан деп ойлама ел шетінде,
Ғасырлардың қайғысы келбетімде.
Махаңа арнап екі жүз өлең жазған
Ақын бар ма жаһанда,
Жер бетінде.
Ескі тарих бетіндей көнермеген
Хас талантты сыйламау өнер ме екен.
Ақындардың ақысын жеген елдің
Көсегесі ешқашан көгермеген.
Өзегіне құрт түскен жемістеймін,
Жүлдемді бер, бопсаңа келіспеймін.
Ақиқаттың тілінде сөйлемейтін
Арды аттаған ел болсаң не істеймін?!
Көңіліңнің дауым жоқ кеңдігіне,
Неге бірақ баспайсың ерлігіңе.
Алда-жалда бермесең жүлдемді егер,
Ей, ағайын, сын болар елдігіңе.
Қысастықтың алдымнан желі еседі,
Қайғы азабын әлі де ел кешеді.
Махамбеттің басының шабылғаны –
Елдікке тән қасиет емес еді.
Жүрегімді жүргенде арман жаулап,
Зауал туып, бір белде қалам ба аунап.
Өміріңді өксітіп, мазаңды алып,
Көрімде де жүлдемді жатам даулап.
*** *** ***
Болашаққа жол тартқанда жұрт ағылып,
Құйын мінез тағдырым тұр тарынып.
 Алпыс үшке келгенше бір көрмеді
Көңілімнің көгінен бұлт арылып.
Жүре бермей тірлікте құр алданып,
Дүниенің қабағын тұрам бағып.
Қарқаралы басымнан бұлт кетпеді,
Бұлым-бұлым көз алдым тұманданып.
Жұрттың бәрі кетсе де қырын қарап,
Жанарымның сіңірген нұрын алап.
Өз жарасын жалаған бөрідейін
Жыртығымды келеді жырым жамап.
Тыңда, ағайын!
Шамданып сөз қозғайын,
Жатқа қисын қай кісі өз тоғайын.
Күндер қанша азапқа салған мені
Шырылдатып жанымның бозторғайын.
Күндерге ылғи тап болып тұнжыраған,
Ғұмыр бойғы азапқа кім шыдаған.
Өзегімді тырмалап күндіз-түні
Өкініштің қаншығы қыңсылаған.
Күнім аз ба қабарып мұңға батқан,
Қасқа бұлақ – көз жасым қырдан аққан.
Көкірегімді қақ жарып шығар бір күн
Жолбарысым кеудемде тулап жатқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу