Өлеңдер ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/rafaehl-niyazbekov.jpg)
ШАМЫРҚАНҒАНДА
Ойлы Ойықтың сен едің ақымағы,
Ойлы Ойықтың мен едім арғымағы.
Туған елдің көңілі жыртылғанда
Жамау болған жанымның жапырағы.
Ақиқаттың балта ұрған терегіне,
Сендейлердің жалғанда керегі не!
Арлы ақынның бірі едім намыс қуып,
Кеме салған теңіздің тереңіне.
Жанарында күн күлген өнерлі елде,
Оза шауып тобымнан келем өрде.
Жегі құрттай жүйкемді жеп барасың.
Қанады ма қышуың мен өлгенде.
Ақымаққа серейген бой береді,
Кәрі арыстан алжасса қойға ереді.
Адамзаттың алаңдап тағдырына,
Қара орманын шулатып ойлы өледі.
Мұнара боп шаншылған құба белге,
Айналам деп ойлайсың тұлғалы ерге.
Сен секілді сумақай болатұғын
Айбалтасын сілтеген Құлагерге.
Қасарысып ырқыңа көнбегелі,
Жайғастырғың келеді көрге мені.
Туған бала секілді көрінесің,
Ақыл-ойдың орманын өртегелі.
Мені көрсе, сендейлер қуаратын,
Кісі қайда жақсыға қуанатын.
Өмірімнің өзені жатқанда ағып,
Жұрттың бәрі аттарын суаратын.
Сені туған өңірде қатын бар ма,
Мендей өжет ақынды туа алатын.
Толқын тулап атқанда тереңімнен,
Қарсыласын кісімін жеңе білген.
Ағайыннан бөлсең де, сумақайым,
Бөле алмайсың ешқашан мені елімнен.
*** *** ***
Өмірдің суық неге түсі неден,
Бір-бірін қазақтан ба түтіп жеген.
Өзара шұрқырасып табысқалы
Жылқыны жылқы көрсе кісінеген.
Жасынан өспеді ме тауға қарап,
Бір-бірін ұстады ма дауға қамап.
Неліктен түнереді бейбіт шақта
Қазақты қазақ көрсе жауға балап.
Қазақты тағдыр неге тұмшалады,
Жау іздеп атылғалы тұр садағы.
Бір-бірін олар неге бауыр көрмей,
Неліктен жатқа барып мұң шағады.
Бұлттанып көңілімнің боз аспаны,
Осыны көріп келем көз ашқалы.
Жат жұрттың аспанынан биік тұрған
Қазақтың бар емес пе өз асқары.
Заманда жұрттың бәрі сөз түсінген,
Жан аз ба ел ішінде көзі ісінген.
Іздей ме жаттан жақын қайран қазақ
Көп шығып жырынды жау өз ішінен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇