Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  202


Автор: Рафаэль Ниязбек

МҰҢАЙМА

Жан аз ба жүріп-жүріп бағы жанған,
Мұңайма!
Дүниеде бәрі жалған.
Махаббат – шоқ болса егер,
 Қыз екенсің
Жүрегін ыстық шоққа қарып алған.
Бұлқынып тамырыңда тулайды ағын,
Әлі де жел тербеген нұрлы аймағың.
Қызығып жапырағын жел тонаған
Қайыңға ұқсадым деп мұңаймағын.
Қанатын қаз секілді сабаланып,
Қайығың қайда сенің барады ағып.
Үйренген мылтық атып сұр мергеннің
Оғынан қалдың ба әлде жараланып.
Көзіңнен күнің бар ма нұр атпаған,
Қай жігіт сенен алыс жырақтаған.
Мынау арсыз тірлікте саят құрып,
Қоғалы көлдің құсын кім атпаған.
Үмітін қарлы боран таңда үсітіп,
Сорлаған жандар аз ба жанұшырып.
Қызғыштай қорып жүрген қорығыңа
Алдың ба аңдаусызда мал түсіріп.
Шыққалы сыртқа қарай атырылып,
Ызалы бөрі ішіңде жатыр ұлып.
Бірер мал қорығыңа түскен шығар
Қалмайды оған бола жапырылып.
Өздерін құлан сүйек құрыш көрген,
Жігіт көп ер-тұрманы күмістелген.
Мұңайма!
Бағың алда жанады әлі,
Қасқыр тартқан байтал да мініс берген.
 *** *** ***
Тұғырына күн қондырып түнеткен,
Қыран еді туған елі түлеткен.
Тас құрсағын жарып шыққан ғасырдың
Махамбеттің ат үстінде күні өткен.
Азамат ер жүрегіне көп сенер,
Ел қамын жеп күн-түн қатып жол шегер.
Неге, неге жалғыз қалды Қараойда,
Махамбеттің қалың елі болса егер.
Қилы шақта Айы туып оңынан,
Қалғанда аман жаудың атқан оғынан, –
Махамбеттің елі жақсы болса егер
Неге ажалға байлап берді қолынан.
Қаратаудай қайғы салып көңілге,
Өлу үшін келе ме адам өмірге.
Азаматын қиғанымен өкпеге,
Қазақ қашан қиып еді өлімге.
Әділдіктің күйремесе жеңісі,
Тіршіліктің үзіле ме желісі.
Ерлер құрбан болады ма алдымен
Жөнге көнбей бүлінгенде ел іші.
Сөзге, сірә, тоқтамаған жүйелі,
Қай тұлғаның шекпеді азап жиі елі.
Өңір қанша арқалаған қасірет
Жердің бәрі десек те ұлы, киелі.
Сырын кейде ішке бүккен ердеймін,
Бірақ қалай шындықты айтпай желдеймін.
 Махамбеттің басын шапқан өңірдің
Қасиеті бар дегенге сенбеймін.
*** *** ***
Түспесін ісің жаманға
Ол емес сені қолдайтын.
Тап келдік пе заманға
Жігітте жігер болмайтын.
Көгіңнен қалай күн күлсін,
Күндер көп алда сорлайтын.
Тоздық па жұрт боп, кім білсін,
Қызыңда қылық болмайтын.
Адасқан қарлы боранда
Талайдың басын жалмаған, –
Қатыгез қарау қоғамда
Қарттарда қасиет қалмаған.
Бау-бағын жоқтап қайғырған
Тағдыры қиын бұлбұлдың.
Жастарды жолдан тайдырған
Кемпірі мыстан бұл күннің.
Еркектер кімді қорғасын
Бір қатынға байланған.
Ел неге жалтақ болмасын
Ерлері езге айналған.
 *** *** ***
Жанар еді көзімде сөнген арай,
Кемем егер жүзгенде өрге қарай.
Өмірімнің көбісі кетіпті өтіп,
Шығамын деп жүргенде төрге қалай.
Көкірегімде тулайды өлең қалай,
Таудан түсіп келемін төмен қарай.
Жұмыр басым егерде аман болса
Бұл өмірдің қызығын көрем талай.
Төрі даяр болса егер іріге елдің,
Көрі даяр мендейге жылы жердің.
Жүремін бе бір күні кім біледі,
Тізімінен сызылып тірілердің.
Көрген күнім жоқ еді елден артып,
Мерген қанша ту сырттан келген атып.
Арбам менің қырқаға сапар шегер
Тағдыр мені сызғанда белден тартып.
Сауыт кеудем сөгіліп көбесінен,
Мүмкін өлем сатқынның жебесінен.
Жерле мені биікке
Тірілердің
Қарап ылғи жатайын төбесінен.
*** *** ***
Өз елімде жүрсем де арқаланып,
Біреу мені кетердей қанға малып.
Нән бөрене секілді Қазақстан
Ұшып жатқан жан-жаққа жаңқаланып.
 Өз байлығы өзіне бұйырмаған
Бұл қазақтың тағдыры қиындаған.
Сүт кезінде іріген жұрт секілді
Айран болып ешқашан ұйымаған.
Қанша өкпе артсаң да ірілерге,
Шыға қоймас өрмелеп күнің өрге.
Елге орнаған болатын бұзық заман
Табыт тасып жүгірген тірілерге.
Азамат ер оққа ұшып жатқа атылған,
Құзырлыға жағынып бақ сатылған.
Ірілердің көбісі мақұлық қой
Терісімен адамның қаптатылған.
Солар түгел бүгінде ат үстінде,
Бір-бір қаншық қыңсылап жатты ішінде.
Өз халқынан бәрі де алыстаған
Сырт айналып жүргесін жат пішінде.
Шаң суырып ізінен, құм бораған,
Сұмдар аз ба көңілді мұңға ораған.
Солар еді жабылып ел тонаған,
Ал олардың ұятын кім тонаған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу