Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  175


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚТАНГЕР

Ұлағатты ұстазым
Мырзатай Жолдасбековке



Күңіреніп көрмеген күрең күнде,
Ақтангерсің бақ қуған нұрлы өңірде.
Көңіліңнің шуағы жылытқалы
Тонған емес жүрегім бұл өмірде.
 Қатал тағдыр өң-түсін суытқанда,
Ұрыдан да сескенбей, ұлықтан да, –
Қасиет боп еліңе жетіп едің,
Қасиетін мына жұрт ұмытқанда.
Тіршіліктің біткен бе дүрбелеңі,
Сардаланың өзіңсің бір белеңі.
Желкен керген кемесің қайық етіп,
Жетелеген айдынға күнде мені.
Тарлан ашып, тағдырлы датқа болған
Азамат ер қашанда баққа қорған.
Қараулықтың төбесі көрінгенде
Сенің сардар жүрегің атқа қонған.
Қайғы-мұңнан арылып, жеңілденіп,
Өмір неге күлмесін бетін беріп.
Аға, кейде көзіме елестейсің
Адалдықтың ақ туы секілденіп.
Өжет мінез, өр кеуде арынды деп,
Біреулердің көрмедің бағын күндеп.
Тал бойына сіңіріп күннің нұрын
Тұрады ылғи қыста да жаның гүлдеп.
Туған елмен жүрегің сырласқалы,
Сені биік көтерген жыр-дастаны.
Кеудесінде күні бар азаматсың
Аласарып көрмеген нұрлы аспаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу