Өлеңдер ✍️
ӨСЕК ҮСТІНДЕ ӨСКЕН КӨК ТЕРЕК
Алда-жалда қалса егер жұрт сын тағып,
Қарайтындар жоқ емес тым сызданып.
– Адам десем, бұ да ақын екен ғой, – деп,
Жөнеледі өсек сөз сыпсың қағып.
Дарға асқалы тұрса да көр жанында,
Азамат ер сынбайды өр шағында.
Аласұрған кездерім аз емес-ау,
Өсектердің қап қойып қоршауында.
Жер үстінде жүрегім кімге сенер,
Өлмеген жан мұратты күнге жетер.
– Неге үндемей қалды, – деп дігерлейді,
Оңашада ой кешіп жүрсем егер.
Көңілімнің көздері жалқынданып,
Үлгергенде үкілі халқым танып.
– Тілі шыға бастапты, – дейді өсектеп,
Намысымды қорғасам шамырқанып.
Бір бүйірден тұрғанда жау қадалып,
Басым талай дал болған дауда қалып.
– Қайда құрып кетті, – деп сұрланады,
Дамылдаған кезімде тауға барып.
Ақ самалым аңсаған қырдан есіп,
Күндер қайда тербелген нұрға көшіп.
Кейде өзімді ұқсатам көк терекке
Өсектердің үстінде тұрған өсіп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter