Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  181


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨМІР ДЕГЕН...

Күндер қайда көзімнен нұр саулаған,
Көңілімді бұл кезде мұң жаулаған.
Қоғам менің кеудемді қысып ұстап,
Саясаттың сымымын құрсаулаған.
Өрт жүрегім кеудемде сығымдалып,
Тас бітелген көмейім тығындалып.
Мына қарау қоғамның қолыменен
Жырым қанша боздаған жырымдалып.
Сауда қуған заманда пұл санаған,
Менің сәби жырымды кім сабаған.
 Қылмыстарын көрсетпей
Қоғам өзі
Ақ пердемен көзімді тұмшалаған.
Шындықты айтқан тұра ма суға батпай,
Қалай жатам арнамда тулап ақпай.
Тілімді де тастаған күрмеп байлап,
Қызыл жылан секілді сумаңдатпай.
Сөз айта алмай ызалы қыжырланып,
Бір орында шырақтай тұрмын жанып.
Үй күзеткен төбетке айналғанмын,
Саясаттың қолымен шынжырланып.
Жігерімнен шыңғырған шылбыр есіп,
Түсі суық тағдырым тұр тіресіп.
Бостандыққа шыға алмай жүрмін әлі,
Өмір деген түрмеде ғұмыр кешіп.
Көңілімнің көзінде күн күлгелі,
Еседі алдан самал боп қырдың желі.
Өмір деген түрмені талқан етіп,
Бостандыққа шығармын бір күндері.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу