file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  188


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЫРТЫҚ ШЕКПЕН

Өксігенде көңілдің күйі налып,
Ауылыма жүремін жиі барып.
Күзгі дала ақырын тербеледі,
Сары шекпен үстіне киіп алып.
Көшесінде жүгірген құм суырып,
Ауылынан безінсін кім суынып.
 Жалғыз тамшы көгінен тамбаса да,
Көз жасына өзінің тұр жуынып.
Неден менің көңілім үркектеді,
Бәлкім, нұрлы, шуақты жыр жетпеді.
Бұлт кетпесе басынан Қаратаудың,
Ауылымның көзінен мұң кетпеді.
Рухы қайда нарықты жеңген елдің,
Неге тозған көйлегі жеңгелердің?
Оқтары да, кім білсін, таусылды ма,
Құралайды көзге атқан мергендердің.
Жақсылардың жолында кім тұрмады,
Ай тұтылып, көгінде күн тулады.
Ауылымның жатыры тозды білем,
Ұлтқа тұтқа болатын ұл тумады.
Қуанышқа жүргесін өлең бөлеп,
Бақытымды айта алман төменде деп.
Ауылымды тегінде ойладым ба,
Жыртық шекпен ішінен көрем бе деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу