Өлеңдер ✍️
БӘЙТЕРЕКТІҢ БҰТАҒЫ
Жауын жеңіп, дауын да шеше білген,
Туған елдің байыған есебінен, -
Атқа мінген апайтөс ақымақтан
Арқар кеуде есті артық есек мінген.
Сағыныштың сазымен тербетіліп,
Тауға қарап өспей ме ер жетіліп.
Бұрынғылар баулыған ізгілікке
Ұрпақтарын қасына ерте жүріп.
Бірі олай тартатын, бірі былай...
Бүгінгінің бәрі де тірі құдай.
Сауық құрып, той тойлап, асыр салған
Бұл қазақта дәурен жоқ бұрынғыдай.
Билік тисе арманы аласаға,
Атқа мінбей тұра ма бала-шаға.
Төрге солар жайғасып,
Абыз қарттар
Құйрық басқан көнетоз алашаға.
Түні бойы жортады ұры жатпай,
Күзететін ер қайда тыным таппай.
Адалдықты кім іздеп сарсылады,
Су басынан жатқанда тұнып ақпай.
Тегіс жердің өзінде мың жығылып,
Алға ұмтылған боламыз құр құлшынып.
Тәуелсіз ел болсақ та,
Ұлттық рухым
Көзін әлі аша алмай тұр тұншығып.
Ару ана асыл ер тумағалы,
Ер шықпады ар-намыс қуған әлі.
Алты алаштың тамыры ауылда еді,
Тұрған жоқ па құрт түсіп қурағалы.
Арнасында толқындап аққан арай,
Жұрт жетеді, ендеше, баққа қалай.
Бәйтеректің бұтағы айтшы, ағатай,
Неге иіле береді жатқа қарай?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter