Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  218


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨЗ ЖАСҚА СУАРЫЛЫП ӨСКЕНДЕР

Аспан асты, жер үсті толған азап,
Жұртқа қамқор жоқ әлі қорған ғажап.
Қызыл Кеңес қынадай қырған жоқ па,
Халық жауын түгелдей қолдан жасап.
Бұған куә сұр жағал құмай – жалған,
Дүр дүние сол кезде шыр айналған.
Аман-есен ұйықтап,
Ертеңінде
Арыс қанша төсектен тұрмай қалған.
Ол күндерді мен қалай бақ санайын,
Кімнің қырау шалмады ақ самайын.
Оспан қожа атаңды ұстап беріп,
Оңашада күпінді қанша ағайын.
Айырылып қапыда ат, тонынан,
Оспан атаң көз жұмды жат қолынан.
Қожалардың бәрін де қырып салған
Ұлы Алланың таймаған ақ жолынан.
 Күн көзінен тұрса да нұр құйылып,
Тіршіліктің тамыры тұр қиылып.
Ішкені ірің бола ма,
Жүрмесе егер,
Адамдарға адамдар бұлт үйіріп.
Самал еспей, нұр еспей қанатынан,
Сонша неге жауыз боп жаратылған?
Адам қолы жасаған қылмыстардан
Қара жердің көзінен қан атылған.
Соғыс ашқан сұмдарды сұраққа алып,
Тергесе егер құтылсын кім ақталып.
Шара қайсы?
Оралды қара қағаз боп,
Әкең сенің майданға тірі аттанып.
Қарсы алдында тұрған соң қайғы аларып,
Опа табам деді ме қайда барып.
Кәмей ағаң көкке ұшып жөнелген-ді,
Аққу құстың қанатын байлап алып.
Жүрегіне бейбақтың нұр сіңгенде,
Жүрер еді бақ қуып тылсым белде.
Ауызынан ақ жалын атылатын
Ару ана Ақжүніс күрсінгенде.
Көзді арбаған дүние-ай сағымданып,
Қай жесірдің жүгірген шамын жағып.
Ақжүністің төгілген көз жасына,
Жеді қанша ағайын нанын малып.
Көктен күннің тұрса да нұры ағылып,
Жанарынан көрді ме мұң арылып.
 Кекке малып шыңдаған қылыштайын
Өстің сен де көз жасқа суарылып.
Менің де әкем соғыстан қайтпай қалып,
Өскем мен де көз жасқа суарылып.
Көкжал болып жетілген жігіттердің
Кеудесінде көк бөрі тұрады ұлып.
Жаздым сені жыр етіп сөз басына,
Ақ сауыттай, мен кепіл, тозбасыңа.
Жетілгендер көз жасқа суарылып,
Елдің әсте қалмаған көз жасына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу