file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  219


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕКСЕУІЛ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ

І
Сексеуілді кесетін ара қайда?..
Сындыра алмай шаршаған нар ағай да.
Сындырмақ боп ұрғанмен
Жаңқаланып,
Сына берген емен де, қарағай да.
Ашуланып, тепсініп жер тепкенде,
Намыстанып кете ме еркек пенде.
Өзі сынды келтектің
ұрған еді
Сексеуілді жармақ боп келтекпен де.
Қатуланса бере ме ырық пенде,
Ұрған еді жармақ боп сырықпен де.
Сырық қалай шыдасын...
шарт сынды, әне,
Оқыс үннен дір етті тұнық көл де.
Бұның бәрін манадан тұрған көріп,
Атам менің бір ойдан қылаң беріп.
Сексеуілді соқты-ай кеп сексеуілмен
Алған бойда көтеріп жылдам келіп.
 Тонатқандай намысын жұтап қалып,
Қанжау жандар қасында тұрды ақталып.
Сексеуілдер шыдамай бір-біріне,
Ұшып жатты шарт сынып, бұтақталып.
Арлы етегін жапқалы есін біліп,
Дамылдаған далада көз ілдіріп,–
Қазақ деген сексеуіл емес пе, айтшы,
Сындыратын өзімен өзін ұрып.


ІІ
Кеңістігін кеңейтіп ой кернеген,
Биікте өлген бұл қазақ,
ойда өлмеген,–
Жаңбыр шайған жартастай жақпар жүзін
Қай жауға да қасқайып бой бермеген.
Қабырғасы қаланып қалған қатып,
Қойсын қалай қаласын талқандатып.
Бұл қазақты қай жау да ала алмаған
Жолбарыстай жолында алған жатып.
Жай түсіріп көк аспан — зеңгір көктен,
Жаудырса да шар добын зеңбіректен.
Жалаң қылыш қазақты жеңе алмаған,
Туын және жыға алмай желбіреткен.
Қатынын да айдап сап, батырын да,
Амал ойлай бастаған ақырында.
Күшпен емес,
қу түлкі аярлықпен
Жоймақ болған көк аспан шатырында.
 Барыс жүрек ер еді заңғар алып,
Ерлік күшін жүре алмай арқаланып,–
Соғылысып шағылып жақпар тастай
Ақырында көкке ұшқан жаңқаланып.
Тудырғандай бір ғажап бір ғажапты,
Қанатынан оп-оңай қырқа сапты.
Сексеуілдей өзімен-өзін соғып,
Жеңген еді аяр жау бұл қазақты.
Намысыңның бұл емес бір сынғаны,
Осалдығың болса да...
білсін бәрі.
Талай жауды, нар халқым, көрге тыққан
Аярлықты жеңе алмай жүрсің әлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу