Өлеңдер ✍️

ҚАЗАҚ ЕЛІ
Сұғын қадап,
тұс-тұстан жеткен барлап,
Келімсектер болса егер өктем қонақ.
Қазақ елі – керуен қазына артқан,
Орта жолда ұрылар кеткен тонап.
Момын жұрттың кеңдігін өзінше ұғып,
Қарға-құзғын секілді көзін шұқып,–
Құр қаңқасын қалдырған жоқ па түге,
Тал бойының шырынын, сөлін сығып.
Тұрса нарық – аш қасқыр төсінде ұлып,
Қайдан қойсын еркіне көсілдіріп.
Қазақ елі – қаз мойын ару деп те,
Жатқан жоқ па бұл күні шешіндіріп.
Сырын, жырын қашанда дала білген,
Дала білген,
ақ шашты ана білген,–
Қазақ елі, ағайын, толысса да
Бала сынды ақылы жаңа кірген.
Нарық қысқан бүгінгі тайғанақта,
Қараймын деп қашанғы қай қабаққа,–
Шауып келе жатқандай қазақ елі,
Міне салып қыл арқа жайдақ атқа.
Ел-жұрт еді өр күшін айға да атқан,
Қысқан нарық – күні ме қайта батқан.
Анық нәрсе –
бір жерден шығатыны
Ауып қалып жүрмесе жайдақ аттан...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇